КӘСІПКЕРЛЕР ОБЛЫС ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 30.03.2019
Оқылды: 857
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшелерімен кездесті. Әкім мен кәсіпкерлер арасында ұйымдастырылатын «галстуксыз» кездесулер дәстүрге айналған. Ашық және бейресми түрде өткен әңгімелесу кезінде кәсіпкерлік саласындағы жүйелі мәселелер қозғалып, шешу жолдары қарастырылды.

 

Жылы жүздесу барысында өңірлік кеңес төрайымы Римма Салықова облыс басшысына бизнес өкілдерімен емен-жарқын пікір алмасып, кәсіпкерлерге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– Аймақта әкімдік пен кәсіпкерлер арасында сындарлы диалог орнаған. Облыс басшылығының қолдауымен «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер тіркелу сәтінен бастап, жобаны іске асыруға дейінгі аралықты қамтитын сервистік қызметтер алуға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта біз бірлесе отырып, кәсіпкерлік саласындағы мәселелердің оң шешімін табуына бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, – деді Римма Ажарқызы. 

Өз кезегінде Амандық Ғаббасұлы аймақтағы жетістіктер бизнестің қарқынды дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң нәтиже көрсетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 884 миллиард теңгені құрды. Осының бәрі кәсіпкерлердің жемісті еңбегінің арқасында қол жеткізген табыс, – деді облыс басшысы. Сонымен бірге, Амандық Ғаббасұлы Мемлекет басшысының өңір әкімдерімен өткізген жиынында берген тапсырмалары туралы айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы кәсіпкерлерден мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы, аудандық және қалалық әкімдіктердің қызметіне қатысты пікірлеріне құлақ асты.

Өңірлік кеңес мүшесі, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Баниямин Файзулин жер мәселелері бойынша сұрақтарды көтерді. Соның ішінде байқаулар мен аукциондар өткізу, жер заңмасын қолдану мәселелері өзекті болып тұрғанын жеткізді. Соңында Амандық Ғаббасұлы жиында айтылған барлық мәселе бойынша тиісті шаралар қолданатынын жеткізді.

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ