АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 2 МИЛЛИОН 41 МЫҢ АДАМ ТҰРАДЫ

Уақыты: 02.04.2019
Оқылды: 1270
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекеттік статистика органдарының рөлі Қазақстанның барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерін қадағалау болып табылады. Мемлекет қойған нақты міндеттер мен жобалар да статистикалық байқауларда көрінеді. 

 

Облыстық статистика департаменті аймақ азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын айқындайтын келесідей көрсеткіштерді анықтау бойынша іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады:
– негізгі әлеуметтік индикаторлар (орташа айлық жалақы, күнкөрістің ең төменгі деңгейі, атаулы және нақты ақшалай табыстар, тұтыну бағасының индексі);
– еңбек нарығының негізгі индикаторлары (жұмыспен қамтылған халық, жұмыссыз халық, жұмыссыздық деңгейі, жастар жұмыссыздығының деңгейі);
– әлеуметтік-демо-гра­фия­лық көрсеткіштер (халық саны, туылғандар және қайтыс болғандар саны, некелескендер мен ажырасқандар, халықтың көші-қоны мен ауру-сырқаулығы, қылмыстылық);
– күнкөрістің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі;
– халықтың атаулы ақшалай табыстарын бағалау.

Облыс халқының ай сайынғы өсімі алдын ала деректер бойынша, 2 мыңды көрсетуде. 2019 жылғы 1 ақпанға халық саны 2 млн. 41 мыңға жетті. Жалпы өңірлік өнім 2018 жылдың 9 айында 1 трлн. 912 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда 2,7 % өскендігін аңғаруға болады. Облыстағы халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 2018 жылғы ІІІ тоқсанда 71,8 мыңды құрады. Мұны өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7,9% артқан. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы да 1,5 есеге яғни, 28 мыңнан 42 мыңға өсті. Бұл облыстың тікелей 100 мың тұрғынына қатысты. Осыған орай, енді ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болмайтын болды. Осылайша, ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады.

Еңбек нарығы мониторингісінің 2018 жылғы IV тоқсандағы қорытындысы бойынша облыстағы жұмыс күшінің саны 1 млн. 47 мыңға жетті. Оның ішінде облыс экономикасында 997,3 мың адам жұмыспен қамтылды (жұмыспен қамтылу деңгейі жұмыс күшінің 95,3%-ын құрады). Жұмыспен қамтылған халық ішінде 229,3 мың адамды 16-28 жас аралығындағы жастар (экономикада жұмыспен қамтылғандар санының 23%-ын) құрайды. 2018 жылғы IV тоқсанда жұмыссыз халық саны 49,2 мың адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға тұрақтады (республика бойынша 4,8%). Жұмыссыз халықтың жалпы санынан 16-24 жас аралығындағы жастар саны 3,4 мың адамды (жұмыссыздық деңгейі облыс бойынша – 3,1%, республика бойынша – 3,6%), 25-28 жас аралығындағы жастар саны – 3,3 мың адамды (жұмыссыздық деңгейі облыс бойынша – 2,8%, республика бойынша – 3,6%) құрады.

Орташа айлық атаулы жалақы 2018 жылғы IV тоқсанда 122,8 мың теңге, 2017 жылғы IV тоқсанмен салыстырғанда 5,7% өсті, нақты шамасы 0,4% артты.

Шағын және орта бизнесті дамытуға, оны қолдауға, әкімшілік кедергілерді алу бүгінгі күннің негізгі мәселесі. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2019 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 119,8 мың бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,1%-ға ұлғайды. 2018 жылғы ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 830,6 млрд. теңгені құрады (өткен жылғы кезеңге 105,0%). Мұндағы жұмыспен қамтылғандар саны осы кезеңге 244,7 мың адамды құрады.


А. ХАМИТОВ,
облыстық статистика департаментінің басшысы