НАУҚАН: ДАЛА ТӨСІ ДҮБІРГЕ БӨЛЕНДІ

Уақыты: 04.04.2019
Оқылды: 1177
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көктем келе диқандар арпа-бидай егу науқанына кірісіп те кетті. Дала жұмыстарын көру үшін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов Миялы ауылдық округіне қарасты «Динара» өндірістік кооперативінің  егіс алқабына барып қайтты.

Аталмыш шаруашылық жетекшісінің орынбасары Бекен Басшыбаев бізді № 2 бөлімшенің егістік алқабына әкелді. Дала төсін дүбірге бөлеп, еңбек көрігін қыздырған диқандардың бүгінгі тірлігі жаман емес. Алқап басында олар көктемгі егіс жұмыстары жайында айтып берді. «Динара» ӨК бас агрономы Махмуд Жақыповтың сөзінше, шаруашылыққа тиесілі 5032 гектар суармалы егістік алқаптың 1000 гектарына арпа егу жоспарланса, 1200 гектарына күріш, 1000 гектарына сүрлемдік жүгері, ал қалғаны көпжылдық шөпке арналмақ. 
Қазіргі таңда бидай егу жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Бұл көрсеткіш өзге шаруашылықтармен салыстырғанда көш бастап тұр. Ал, осы  бөлімшенің меңгерушісі Мақсат Басшыбаев бидай егу науқанына алты тұқым сепкіш, сегіз тырма, тіркемелі МТЗ-80 тракторлары тоқтаусыз жұмыс атқаруда. Ерте көктемнен басталған жауапты науқан жүйелі жүргізілуде. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі мамандарының болжамы бойынша ауа райының қолайлы болуының арқасында таяуда арпа-бидай егу жұмыстары толық аяқталмақ.       

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ 
Балқаш ауданы