АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР КЕЛДІ

Уақыты: 17.04.2019
Оқылды: 1086
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу жеріне жұмыс сапарымен келген Үкімет мүшелері өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесімен танысып, әлеуметтік көмекке зәру отбасылардың мұң-мұқтажын тыңдады. Құрамында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ, Білім және ғылым министрі Күләш ШӘМШИДИНОВА, Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ сынды белгілі тұлғалар бар жұмыс тобын әуежайдан күтіп алған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ астаналық қонақтарды алдымен Талдықорған қалалық жұмыспен қамту және Халыққа қызмет көрсету орталықтарына апарып, ондағы көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметпен таныстырды.

Одан соң Көрме кешенінде орналасқан облыстық Кәсіпкерлер палатасына барған жұмыс тобы жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен көмектерді алудың жолын ұсынды. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықоваға берді. Жұмыс тобының Жетісу жеріне жасаған ресми сапарының басты мақсатын түсіндіріп өткен Вице-Премьер жетім-жесірге, көпбалалы отбасыларға тағайындалған әлеуметтік жәрдемақы берудің жаңартылған жолдары мен көрсетілетін көмекті таныстыру мақсатында жергілікті халықпен кездесу үшін келгендіктерін атап өтті. Осыған орай әрбір министрлік басшылары арнайы баяндама жасап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.

Тақырыпқа байланысты сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев алдағы 1 маусымнан бастап жалақысы көтерілетін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауылшаруашылығы және басқа саладағы мемлекеттік қызметкерлердің санатын таныстырып, оларға қосылатын жалақы мөлшері 30 пайызға артатынын жеткізді.

Оның айтуынша, биылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны республика бойынша 830 мыңнан астам адам болса, оның 85 мың 560-сы Алматы облысында тұрады. Осыған орай қазір еліміздің барлық өңірінде атаулы әлеуметтік көмекке зәру отбасылардың тізімі дайындалып, қажетті мәліметтер интернет желісіне салынуда. Бұл мұқтаж отбасыларды анықтауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 20789 теңгеден асып кететін отбасыларға өз кәсібін жүргізуі үшін мемлекеттен жеңілдетілген несиелер мен гранттар беріледі. Сондай-ақ, жеке баспанасы жоқ отбасылардың үйлі болуы үшін де бірқатар мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, ірі компаниялар мен кәсіпкерлердің көмегімен пәтер алынып, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесі беріледі, көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үйге алғашқы жарна субсидияланып, аз қамтылған отбасылардың ұзақ мерзімге жалдауына тұрғын үй ұсынылады.

Сөз кезегін алған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алдағы 1 маусымнан бастап айлық жалақысының мөлшері өсетін мүғалімдер мен дәрігерлер қауымының қуанышын еселесе, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов жалпы елімізде тұрғын үйдің кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың саны 28 мың 126 екендігін атап өтті. Соның ішінде 3149 отбасы Алматы облысында тіркеліпті. Осыған орай биыл алғашқы жартыжылдықта еліміздегі көпбалалы отбасыларға несиелік немесе арендалық сипаттағы 2 мың пәтер беру жоспарланғанын, соның 80-нін Алматы облысы беретіндігін жеткізді.

Кездесудің екінші бөлімінде жергілікті кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерге қатысты сұрақ қойып, лайықты жауап алды. Қойылған сауалдардың ішінде мүгедектерге берілетін жәрдемақы, мемлекеттік қолдау, олардың өз кәсібін жүргізуіне берілетін мүмкіндік сынды аса өзекті тақырыптар бар.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі түйін сөзді Гүлшара Әбдіхалықова берді.

– Елбасымыздың «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасын бүгін егжей-тегжейлі талқыладық деп ойлаймын. Әріптестер барлық бағыттар бойынша түсініктер берді, – деген Гүлшара Наушақызы көпшілік еліміздегі өнеркәсіптің өркендеуіне үлес қосуы керектігін алға тартты. – Алматы облысы демография жағынан жақсы дамып келеді. Қазірдің өзінде 40 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Республикада 340 мың көпбалалы ананың 10 пайызға жуығы Жетісу жерінде. Соның ішінде 18 мың отбасы немесе 87 мың адам осы сәуір айынан бастап жаңа әлеуметтік төлемдерді ала бастайды. Ауылдық жерлерде 109 медициналық нысан салынады. Мамыр айынан бастап Талдықорған қаласында үйдің кезегінде тұрған 80 отбасыға пәтер беріле бастайды. Осындай игі істер бар. Оның бәрін уақытымен жүзеге асыру үшін осындағы әлеуметтік сала болсын, басқа саладағы, әкімшілікте қызмет ететін әріптестер, қоғамдық ұйымдар мен журналистер қауымы бағдарламаны түсіндіру жолында бірлесе жұмыс істеуі керек. Ең бастысы, халыққа түсіндіру кезінде айтарымыз алдымен жәрдемақы емес, жұмыспен қамту, несие, грант беруге баса көңіл бөлген жөн.

Үш жүзден астам адам қатысқан алқалы жиын аяқталған соң жұмыс тобы жаңа ашылған театр ғимаратын тамашалап, №28 ІТ мектеп-лицейіндегі робототехника сыныбының жұмысымен танысты. Нұр-сұлтандық қонақтар облыс орталығында атаулы әлеуметтік жәрдемақы алып отырған үш отбасының балаларына сыйлық жасап, сәбилерді қуантты.

Жұмыс күнінің соңына таман Нұр-Сұлтан қаласынан келген қонақтар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тіршіліктің түйткілін алға тартқан тұрғындардың өтініші мен шағымын тыңдады. Екі кабинетке бөлініп, алты адамды қабылдаған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауына кірген халық риза көңілмен шығып жатты.

Мәди АЛЖАНБАЙ