ҚИСЫҚ ҚАБЫРҒА, ЕҢКЕЙГЕН ЕСІК: ӘКІМ ҚҰРЫЛЫСҚА СЫН АЙТТЫ

Уақыты: 15.05.2019
Оқылды: 1082
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі  Амандық БАТАЛОВ Қарасай ауданына іссапармен келіп, мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында салынып жатқан екі бірдей денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Ірі спорт нысандарын аралай жүріп, орын алған кемшіліктерді сынға алып, құрылыс компанияларының басшылары мен мамандарынан жұмысты уақытылы әрі сапалы атқарып шығуларын талап етті.

Алдымен Райымбек ауылында іргетасы қаланған дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының өте баяу жүргізіліп жатқанына назар аударды. Осы саланың білікті маманы, Алматы қаласы мен облысындағы аса ірі жобаларды жүзеге асыра жүріп мол тәжірибе жинақтаған Амандық Ғаббасұлы қаншама айлардан бері жертөле жұмыстарынан шыға алмай жатқан «ЭлитстройПроект» құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына 10 күннің ішінде металл құрамаларын толықтай аяқтауға тапсырма берді.

«Біз бұл нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында толық аяқтап, балаларға сыйлық ретінде ұсынуға тиіспіз. Ал сіздердің мына қарқындарыңызбен келесі жылы да бітпейтін түрі бар. Егер айтылған мерзімде жұмыста жылжу болмаса, онда құрылыс компаниясын ауыстыруға мәжбүр боламыз!» – деді ол сөзін тұжырымдап.

Осыдан кейін Амандық Ғаббасұлы Шамалған ауылында бой көтерген республикада баламасы жоқ денешынықтыру-сауықтыру кешеніне ат басын тіреді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен салынып жатқан бұл кешеннің жұмысы 80 пайыз аяқталғаны көрініп тұр. Көз жауын алатын көркем ғимараттың сыртқы көрінісі осыны аңғартады.

Алдымен сыртқы әрлеу жұмыстарына назар аударған облыс басшысы көгалдандыру, жарықтандыру, ғимараттың айналасын талапқа сай абаттандыру жұмыстарына жекелеген ескертпелерін айтып, ақыл-кеңесін берген. Атап айтқанда, көгалдарды суғару үшін қажетті құбырларды жүргізу алдын ала ескерілмеген болып шықты, Сонымен қатар  нысан ішіне мал кірмейтіндей әдемі әрі көзге көрікті қоршаулар тұрғызу да маңызды шаралардың бірі. Аудан әкімі Жандарбек Далабаевқа нысанның сыртында жайқалып өскен көгалдардың солып қалмауы үшін суғару жұмыстарын жүргізетін мекемені анықтау жүктелді.

Ғимараттың ішін аралаған Амандық Баталов волейбол, баскетбол, футбол залдарын, күрес, бокс, фитнес жаттығу бөлмелерімен жеке танысып, орын алған олқылықтарды атап көрсеткен. Мысалы, нысанды жобалау кезінде бокс залына қабырғаға ілінетін айна, боксшылар үшін аса қажетті «грушаларды» алу ескерілмеген көрінеді. Жүзу бассейнінде жарыс кезінде ақпарат беріп отыратын табло, ледэкран қою да ұмыт қалдырылған. Осындай жекелеген мәселелерге мән бере жүріп Амандық Ғаббасұлы құрылысшылар жіберген олқылықтарға да назар аударды. Қисық қағылған шеге, түзу сыланбаған қабырға, еңкейіп тұрған есік деген сияқты ұсақ-түйектер де басшының назарынан тысқары қалмады.

Асханаға арналған бөлмеге қажетті қондырғылар жеткізіліп қойылған. Амандық Ғаббасұлы бұл жерге таныс-тамырлар мен «көкесі» барларды емес, ұзақ жыл тамақтандыру саласында тәжірибесі бар адамдарды қою қажеттігін баса ескертті. Кең әрі жарық дәліздердің қаңырап бос тұрмай, жаттығудан шыққан спортшылардың бір мезгіл отырып тынығуына мүмкіндік беретін жұмсақ жиһаздармен көркемделуі керектігі де тапсырылды.

Әкімшілік қызметкерлері отыратын бөлмеге келгенде облыс басшысы спорт кешенінің басшылығына ұсынылып отырған Дәурен Төлегенді әңгімеге шақырып, жылу қазандығы, су жүйесі, өзге де көптеген құрылымдары бар үлкен кешенге басшылық жасау үшін спортшы болу аздық ететінін, ол үшін ең алдымен шаруашылық жүргізу тәжірибесі қажет екенін қадай айтты. "Сол үшін қазірден бастап кешендегі әр бөлмеге, әр спорт секциясына қажетті дүниелерді мұқият саралап, оның жеткізілуін қадағалау маңызды", – деді ол.

Кешен маңындағы үлкен футбол стадионына келгенде Елбасының: «Көрермендер отыратын орынды әлі де кеңейте түссе дұрыс болар еді?!» деген тілегін ескере келіп, металл каркастардан жасалатын жиналмалы трибуна тұрғызуға тапсырма берді.

- Біз бұл спорт кешенін Нұр-Сұлтан қаласының күні қарсаңында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Демек, маусым айына дейін барлық жұмыстар аяқталып, сынақтан өткізіп үлгеруіміз керек. Бірақ асығыстық жасап, құрылыстың сапасын төмендетіп алуға рұқсат жоқ. Сондықтан, баршаларыңа табыс тілеймін! – деді Амандық Баталов.

Осыдан кейін облыс басшысы құрылысшылармен, жұмыс барысын көрсетуге келген қаламгерлер қауымымен естелік суретке түсті.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қарасай ауданы