ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ: 40 МЫҢ БАЛА ТЕГІН ДЕМАЛАДЫ

Уақыты: 24.05.2019
Оқылды: 3261
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Үкіметтің кезекті отырысында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту, жаз мезгілінде балаларды сауықтыру шараларын, олардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе – арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және индустриялық аймақты (ИА) дамыту бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, ҚР Энергетика вице-министрі Ә.Мағауов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» басқарушы директоры Ә.Пірметов АЭА аумақтарында индустриялық нысандардың іске қосылуы жөнінде баяндама жасады.

Жүргізілген инфрақұрылым және жасалған жағдайлар 1 трлн. теңгеден астам жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік берген. Оның 27 пайызы – шетелдік инвестициялар. 2019 жылмен 2021 жыл аралығында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аумағында 11,5 мың жұмыс орны құрылып, 320-ға жуық нысан пайдалануға беріледі.

«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар өңірлердің экономикалық өсімін қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін нақты жұмыстар мен сапалы жобалар қажет», – деген Үкімет басшысы Асқар Маминнің сөзінше, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында, Павлодар мен Алматы облыстарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды басқару дұрыс жолға қойылған.

Мәселені қарау қорытындысында А.Мамин жүйелі негізде жаңа жобалар қарастырып, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру қажет екенін атап өтті.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесін қарау барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақстандық жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу, балалардың мәдени, тарихи, археологиялық ескерткіштерді зерттеуге бағытталған тақырыптық шараларға көптеп қатысуын қамтамасыз етуді ұсынды.

Мәдениет және спорт министрлігі елдің барлық кітапханаларында «әдеби ертеңгіліктер» өткізуді, музейлер мен музей-қорықтарында тегін тарихи-өлкетанулық және танымдық экскурсиялар, түрлі пленэрлер өткізуді, барлық ауылдық округтерде «жылжымалы кітапханаларды» ұйымдастыруды жоспарлаған.

Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:

– Аймақта 1520 сауықтыру және демалыс лагері жұмыс істейтін болады. Онда демалыспен 554 мың баланы қамту жоспарлануда. Қосымша қаражат бөлгеннің нәтижесінде демалатын балалар саны өткен жылмен салыстырғанда 47 мың балаға көбейді. Оның ішінде еңбек қызметімен 111 мың оқушы қамтылған, спорт және туризммен айналысатындары 85 мың, – деді.

Облыс басшысының айтуынша, республикалық «Балдәурен», «Бөбек» лагерьлерінде 381 оқушы жазғы демалыстарын өткізбек. Сондай-ақ, жазғы демалыс және сауықтыру кезеңіне белгіленген қаржы 782 млн. теңге. Оның 432 млн. теңгесі демеушілер тарапынан. Нәтижесінде аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан 40 мың оқушы жазғы демалыспен тегін қамтамыз етіледі.

– Шипажай және демалыс орындарында 100 көпбалалы отбасынан шыққан балаларға отбасымен демалыс ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта жазғы лагерьлердің өрт қауіпсіздігі, санитарлық, гигиеналық талап нормаларына сәйкестігі тексерілуде. Маусымның 1 жұлдызында барлық демалыс орталықтары балаларды қабылдауға дайын болады, – деп сөзін қорытындылады Амандық Ғаббасұлы.

Отырыстың соңында Білім және ғылым министрлігінің келесі жылы лагерьлердің санын арттыру бойынша ұсыныстарына қолдау білдіріп: «Санаторийлер мен туристік базалар, ұлттық саябақтар және жоғары оқу орындарының жанында бір мыңға дейін жазғы сауықтыру орталықтарын ашу, жұмыс істемей тұрғандарын оңалту бойынша жұмыстарды жүргізу қажет. Бұл балаларды жазғы демалыспен толық қамтуға мүмкіндік береді», – деген А.Мамин өңірлердің әкімдіктеріне балалардың демалысын ерекше бақылауға алып, жеткіншектерді демалыспен барынша қамтуды тапсырды.

Еңлік ҚАБДЕШ

Сурет ғаламтордан алынды