МОЙНАҚ: ЕЛІМІЗДЕ ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОЙЫЛАДЫ

Уақыты: 04.06.2019
Оқылды: 1304
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жыл басынан бері Мойнақ СЭС-інде электр энергиясын өндіру 350 млн. кВт сағаттан асып, болжам 113 пайызға орындалды. Стансы мамандарының дерегінше, СЭС орналасқан Шарын өзеніндегі су деңгейі былтырғыдан төмен, алайда төрт айда ағып келген су көлемі көп жылғы орташа көрсеткіштен 10 пайызға жоғары.

Осы ретте өзен суының жылдық орташа шығыны шамамен 30 м3/с болуына қарамастан, су торабының құрылғыларын ыңғайлы орналастыру, өзен арнасының табиғи бұрылысын және судың шамамен 500 метр болатын биіктіктен құлауын пайдалану, сондай-ақ тар шатқалдар мен контрреттегіш су қоймасының болуы,  Қазақстанның энергия жүйесінің Оңтүстік аймағында тәуліктік жүктеу кестесінің ең жоғары көрсеткіштерін жаба отырып, СЭС-тің 300 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруіне мүмкіндік береді. Пайдалануға тапсырылған уақыттан бері Мойнақ су электр стансысы 6,5 млрд. кВт сағаттан аса электр энергиясын өндірді.

Бүгінде «Самұрық-Энергода» Шарын өзенінің сол жақ тармағын СЭС-тің су алатын торабынан төмендеу құйылатын Кеңсу өзенінің арнасын қысым тоннелімен гидротурбиналарға су берілетін Бестөбе су қоймасына бұру жобасы қарастырылуда. Жоба іске асырылған жағдайда СЭС-тің қуат өндіруі артады және энергия нысанының су азайған кезеңдерге тәуелділігі сезілмейді деп күтілуде.

«Самұрық-Энерго» энергия холдингінің «Нарықты дамыту» департаменті дайындаған Қазақстанның электр энергиясы мен көмірінің нарығына жасалған талдауға сәйкес, «Самұрық-Энерго» АҚ энергия өндіретін ұйымдарының бүгінге дейін өндірген электр энергиясының көлемі 11,1 млрд. кВт сағатты құраған.

Жалпы жүйелік оператордың деректерінше, ҚР Электр стансылары 27 мамырға дейін 42,8 млрд. кВт сағат электр энергиясын өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштердің 101 пайызын құрайды.

Қуаты 300 МВт. О.Қантаев атындағы Мойнақ СЭС-і Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында және ҚР Электр энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес құрылған. Ол Райымбек ауданындағы Шарын өзенінің бойында орналасқан. Бұл - Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағындағы (Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары) энергия тапшылығын қысқарту, ең жоғары жүктемелерді жабу және энергия жүйесіндегі қуаттылықты реттеумен байланысты міндеттерді ойдағыдай шешіп отырған қарышты жобалардың бірі. Кәсіпорынның жоба бойынша бір жыл ішінде орта есеппен электр энергиясын өндіруі – 1,027 млрд. кВт сағатты құрайды.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ