КЕМШІЛІКТЕРДІ КӨРСЕТТІ: ӘКІМ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 951
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Тұрғындарды баспанамен, студенттерді жатақханамен қамту мәселесі назардан түспей келеді. Осыған орай, Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорған қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыс жайымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен «Қаратал» шағынауданындағы студенттерге арналған жатақханаға бас сұқты. Біраз жылдан бері құрылыс жұмысы тоқтап тұрған нысанға бүгінде жан кірген. Қарбалас жұмыс жүріп жатқан нысанды аралап көрген Амандық Ғаббасұлы ондағы  жұмыс қарқынына жақсы бағасын берді.

Тоғыз қабатты ғимарат қаладағы колледж студенттерінің осыған дейін пәтер жалдап, сабылып жүретін қиыншылығын шешпек. Оның үстіне, ғимараттың айналасындағы атшаптырым аумақты алып жатқан бос жер абаттандырылып, студенттердің бос уақытында көңілді демалыс ұйымдастыратын орны болмақ.

Өңір басшысы нысанның құрылысын қазан айына дейін бітіріп, ел игілігіне беруді тапсырды. Келесі кезекте әкім Ынтымақ ауылынан салынып жатқан коттеджді қалашықтағы үйлерге жол тартты. Бұл жерде де қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Алдын ала берілетін үйлердің айналасын абаттандыру жұмысы да басталып кеткен.

Мұнда салынған үйлер заманауи өлшемге сай болғанымен, ауласын реттеу, үйге кіріп-шығатын жолдарды жасау, көрші үйлердің шегарасын бөлу жұмыстары әлі де атқарылмаған. Үйлерді аралап шыққан өңір басшысы тапсырыс беруші және мердігер компанияның өкілдеріне біраз кемшілікті көрсетіп, түзетуді тапсырды.

Қажет АНДАС