АСТЫҚТЫ БІРЛЕСЕ ЖИНАЙДЫ

Уақыты: 20.08.2019
Оқылды: 820
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл ауданда 47 мың гектардан аса алқаптан астық жиналады. Оның 15 мың гектарға жуығы күздік бидай болса, 32 мыңнан астамы арпа. Қазіргі таңда егіннің басым бөлігі орылды. Ораққа  66 комбайн мен басқа да техника түрлері тартылды. Егінжайда жұмыс көрігін қыздырушылардың бір тобы Аққайнар ауылының жанында дала төсін еңбек дүбіріне бөледі.

«Төре» шаруа қожалығының иесі Қамбархан Үмбетовтің 60 гектарлық арпа алқабында науқан аяқталды. Астық оруға оның серіктесі «ЛЭУ» ЖШС-нің техникалары жұмылдырылды. Аталған серіктестік бригадирі Александр Першин осында комбайн, трактор, жүк көліктерінің жұмысын үйлестіруде. 
Осылайша бірі жеріне дән егіп, екіншісі қолда бар техникасымен қарайласып, бірлесе еңбек етіп жатқан жайы бар. Жер жырту, күздік бидай мен жаздық арпаны сеуіп, өнімін жинауға бірнеше жылдан бері «ЛЭУ» келісімшартпен көмектеседі. Ол тараптан науқанға 2 «Вектор», 3 «Енисей-950» комбайны, 6 «К-700» тракторы мен 6 «КамАЗ», 6 «Беларус-82», 1 су тасымалдайтын көлік тартылған. Шығымы жаман емес. 
– Жерге еңкейсең жемісін береді.  Іс тетігін таба білсең табысқа кенелесің. Ерінбей еңбек етсең абыройға бөленесің. Жолаушы тасымалы саласында қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан соң мал және егін шаруашылығымен айналысып келемін. Алынған арпа-бидай, сабанды түсіміне қарай  ауылдың 27 тұрғынына үлестіріп беремін. Мал азығына 18 гектар жоңышқа алқабын шауып, буып-түйіп, жинап алдық. Алда екінші шабысы бар.  Жұмыс істеп, табыс табамын дегенге қазір мүмкіндік мол, – дейді ауданның Құрметті азаматы, кәсіпкер Қамбархан Самсыбайұлы. 
Енді 15 гектарлық күздік бидайға орақ түсті. Одан орта есеппен әр гектарынан 20 центнерден айналуда. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы