"ХАЛЫҚҚА ТҮСІНДІРІЛУІ ТИІС": ДЕПУТАТ КОРПОРАЦИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 28.08.2019
Оқылды: 938
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ алаңында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan»  партиясының Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаевпен кездесу өтті.

Жиынға «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ Басқарма басшысы Талғат Малыбаев, «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, сондай-ақ, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ құрылымдық бөлімдерінің жетекшілері қатысты. Омархан Өксікбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, Парламент Мәжілісінің атқарылған жұмысымен таныстырды.

"Бүгінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының алдында кәсіпкерлікті дамыту мен ынталандыру бойынша үлкен міндеттер тұр. Аталмыш корпорациялардың қызметі ашық болуы тиіс. Халыққа жұмыс қорытындысы, іске асырылған жобалар мен бағдарламалардың тиімділігі кеңінен түсіндірілуі тиіс. Мемлекет бизнесті қолдауға үлкен қолдау білдіреді", - деді депутат.

Омархан Өксікбаев «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ басшылығына жер қойнауын пайдалану мен ауылшаруашылығы саласындағы жобаларды қолдауға, Алматы облысының Тұрақтандыру қоры жұмысының маңыздылығына назар аударды. Өз кезегінде «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ Басқарма басшысы Талғат Малыбаев ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы баяндады.

«Алматы облысында қызылша және аралас салаларды дамыту мақсатында «Жетісу» ӘКК 2011 жылдан бері 45 сервистік дайындау орталығын құрды. Олар қант қызылшасы, дәнді дақылдар, көкөністер, жүгері, күріш, картоп пен жем бойынша бағыттары бойынша. Олардың ішінде 29 орталық қант қызылшасы бағыты бойынша жұмыс істейді», - деді Талғат Малыбаев.

«Жетісу» ӘКК басшысы жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мен субсидиялау мәселелері бойынша ұсыныстарды жеткізді. Сонымен бірге, Омархан Өксікбаев жиын қатысушыларының сұрақтарына жауап берді. Ол аталған барлық сұрақтар мен ұсыныстар алдағы уақытта назарға алынатынын мәлімдеді.

Алматы облысына жасаған сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan»  партиясының Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев бірқатар мемлекеттік және жекеменшік құрылымдардың өкілдерімен кездесті.

Диас БЕЙСЕНБЕК,

"Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" Өңірлік даму институты" АҚ баспасөз хатшысы