"ХАМЛЕ" ПЕЧЕНЬЕСІ: ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ӨНІМ КӨЛЕМІН АРТТЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

Уақыты: 20.09.2019
Оқылды: 1307
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Үкімет басшысы Асқар МАМИН Қарасай ауданындағы экспортқа бағытталған, жүйе құраушы «Хамле Компани ЛТД» ЖШС кәсіпорнында болды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып отырған бұл кәсіпорынның тарихы, технологиялық жүйесінің ерекшеліктерімен бас директор Ахмет Явуз Юрдгудер таныстырды.

Аталмыш компания – 1995 жылы түрік инвесторларының қаражатына салынған алғашқы өндірістердің бірі. Нысанның жобалық құны 8 млрд. теңге болса, қуаттылығы жылына 60 мың тонна дайын өнімді құрайды. Бірақ бүгінгі күні өндіріс 40 пайызға ғана жұмыс істеуде. Нәтижесінде жылына 24 мың тонна кондитерлік өнім шығарылады. Оның 15 мың тоннасы Ресей, Қытай, Моңғолия, Орта Азия мемлекеттеріне экспортталады. Қуанарлығы экспорт көлемі жыл сайын 50 пайызға өсуде.

Қазіргі таңда кәсіпорын 900 адамды жұмыспен қамтып отыр. Айта кетерлігі, 99,9 пайызы – Қазақстан азаматы. Одан бөлек, 2017-2018 жылдары өндірісті қайта құру және кеңейту жұмыстары жүргізілді. Аталған мақсатқа қосымша 50 млн. еуро жұмсалды. Бұл өндіріс көлемін арттырып, шығарылатын өнімнің ассортиментін 80-нен астам атауға дейін кеңейтуге мүмкіндік берді. Мұнда «Albeny», «Наша марка», «Biscrem», «Halley» сынды танымал брендтер мен печенье, вафли, бисквит, рулет, шоколад өнімдері мен сағыздың көптеген түрлері шығарылады. «Хамле Компани ЛТД» ЖШС бұл кәсіпорынды модернизациялауға әр 2-3 жылда қаражат бөледі. Соның нәтижесінде өндіріс қарқыны ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Технологиялық процесстің ерекшеліктерімен танысқан Асқар Ұзақбайұлы экспортталатын өнім мөлшерін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды. Ол қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жағдайына да көңіл бөлуді ұмытпау қажеттігін ескертті.

Танзиля МҰХТАРОВА,

Қарасай ауданы