МИЛЛИОНДАП ҚАРЫЗ: САЛЫҚ ТӨЛЕМЕЙТІНДЕРДІҢ ТІЗІМІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Уақыты: 06.11.2019
Оқылды: 864
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік кірістер департаменті жер, мүлік және көлік құралдарына салықты уақытылы төлеу қажеттігін еске салды. Кері жағдайда қарызбен бірге өсімін де төлеуге тура келеді.

Алдағы уақытта салық қарызын өтемегендердің тізімі ғаламторда ашық жарияланатын болады. Еске салайық, берешек пайда болғаннан кейін салық органдары 20 жұмыс күні ішінде жеке тұлғаның мекенжайына хабарлама жібереді. Егер хабарламаны ала отырып, қарызды 30 күннің ішінде өтемесе, салық органы оны өндіріп алу туралы бұйрық шығарады және 5 жұмыс күнінен кешіктірмей оны жеке тұлғаға жібереді.

Салық бұйрығын алғаннан кейінгі 5 күнде де салық берешегін жаппаса, онда уәкілетті орган мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушыларына жүгінеді. «Сот салық бұйрығын алған кезде борышты өндіріп алуды мәжбүрлеп орындау рәсімін бастайды. Оның барысында банк шоттарындағы мүлік пен ақшаға, елден тыс жерлерге шығуға тыйым салу қарастырылған. Салық берешегін өтеуден басқа, жеке тұлға қарыз сомасының кемінде 20 пайызы мөлшерінде сот орындаушысының қызметін де төлеуі қажет болады», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі ақпаратында.

Салық қарызы бар елордалықтардың тізіміне 226 адамның аты-жөні енген. Онда тұрғындардың борыш сомасы 1 миллионнан 19 миллион теңгеге дейінгі аралықта.

"ҚАЗАҚПАРАТ"