КІМ ЖАУАПТЫ? ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ЖИІ ӨШЕДІ

Уақыты: 18.12.2019
Оқылды: 1883
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған қаласында ведомстволық электр желілері мен қосалқы стансылардағы апаттық жағдайға байланысты электр энергиясын ажырату жағдайлары жиілеп кетті. Бұл көбіне осы желілерде техникалық қызмет көрсетуде қажетті жұмыстар жүргізілмегендіктен болады.

Осыдан бірнеше күн бұрын Талдықорған қаласы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығында желілерде көптеген апатты өшіру орын алды. Бұл қаладағы 800-ден астам абоненттің электр қуатына кедергі туғызды.

Желі иелері электр қондырғыларын пайдалану, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін білікті персоналмен қамтамасыз етілуі тиіс. Ал қамтамасыз етілмеген жағдайда аталған жұмыстарды орындауға және апатты жоюға келісімшартқа отырулары керек. Айта кетерлігі, зақымдалған желілерге Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жауапты. Өз кезегінде «ТАЭТК» АҚ екеуара келісімшарттың жоқтығына қарамастан жедел түрде электр қуатын қосу шараларын жасады. Талдықорған аудандық электр желісі қызметкерлерінің жедел жұмыс істеуі нәтижесінде электр энергиясы өшірілген жерлер 1 сағатың ішінде қалыпқа келтірілді. Ал ВЛ-10 кВ №23 орын алған апат 3 сағат ішінде жөнделді.

Біз өз кезегімізде келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрай отырып, апатты жағдайға Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жауапты екенін еске саламыз. Десе де, бұл жөнінде бірнеше мәрте жазылып, ескертілгенімен тұтынушылардың басым бөлігі «ТАЭТК» АҚ жауапты деп ойлайды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тиесілі коммуналдық электр желілері де осы мәселе бойынша қызмет көрсететіндігі ескерусіз қалады.

Кез келген инженерлік желі құрылыс дайындығын қажет етеді. Өйткені, қысқы уақытта электр желілерінде ақау пайда болып, тұтынушылар зардап шегуі мүмкін. Осыған орай құрылғылар мен желілерді техникалық тексерістен өткізу маңызды. Көп жағдайда алдын алу жұмыстарына мән берілмей, тек апат кезінде ғана жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кетерлігі, ағымдағы жылы техникалық қызмет көрсету мен пайдалануға қала бюджетінен қаражат қарастырылмаған. Нәтижесінде, ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмей, электрді ескертусіз өшіру іске асырылуда.

Электр жабдықтары мен электр беру желісінің иелері желі зақымдануына байланысты электр энергиясын сөндірген кезде бірінші кезекте тұтынушылар алдында жауапты екенін естен шығармаса екен.

С.ЖЕЛДІБАЕВ,

«ТАЭТК» АҚ өндіріс жөніндегі директоры

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды