ЕСКЕЛДІ АУДАНЫ: КӨПҚАБАТТЫ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 1134
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жыл санап тұрғындар саны артып келе жатқан аудан орталығы Қарабұлақ ауылында жаңа үйлер бой көтеруде. Біз құрылысы қызу жүріп жатқан 60 пәтерлі көпқабатты үйде болдық.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2019 жылдың маусымында кірпіші қаланған көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс алаңының басшысы Марат Ілиясовтың айтуынша, құжат бойынша 2020 жылдың 26 қаңтарына дейін өткізуге тиіс нысан жыл соңына дейін толық аяқталмақ. Сырлап, әрлеп, жерге линолеум төсеу жұмыстары қалды. Бастапқыда 153 адам істеген құрылыс алаңында бүгінде 86 адам қызу жұмыс үстінде.

Бес қабатты, үш кіреберістен тұратын көпқабатты үйдің 10 пәтері көпбалалы отбасына, 2 үй мүмкіндігі шектеулі жандарға, ал қалғаны жалға беріледі. Еңселі, зәулім үйдің 10-ы үш бөлмелі (63 шаршы метр), 15-і екі бөлмелі (45 шаршы метр) және қалғаны бір бөлмелі (43 шаршы метр) пәтерлер.

Ескелді ауданы әкімдігінің тапсырысымен көпқабатты үйге жергілікті және республикалық бюджеттен 583,0 млн. теңге бөлінді. Бас мердігер – «Global construction KZ» құрылыс компаниясы. Компания бүгінде Алматы іргесіндегі Алғабас елді мекенінде,  «Алматы – 1» вокзалы маңында көпқабатты үйлер салып жатыр. Алып шаһарды есепке алмағанда, компанияның бұл облысымыздағы екінші жұмысы. 2018 жылы Жансүгіров ауылында 20 пәтерлі үй салды.

Серік ҚАНТАЕВ

Алматы облысы