"САПАСЫ ТӨМЕН": ӘКІМ ЕСЕБІНДЕ ТҰРҒЫНДАР БІРНЕШЕ МӘСЕЛЕ КӨТЕРДІ

Уақыты: 29.01.2020
Оқылды: 1305
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ бүгін Іле ауданына барды. Онда ол Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың халық алдындағы есеп беру жиынына қатысты.

Алқалы жиында баяндама жасаған аудан әкімі: «Іле ауданы өткен жылы әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерде алдыға қойылған межелерді орындап, көптеген салада күтілген нәтижелерден артық көрсеткіштерге қол жеткізді», – деп ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін таныстырды.

Оның айтуынша, ауданның өнеркәсіп негізін және индустриалдық базасын құрап отырған 26 ірі және орта кәсіпорындар есепті кезеңде 324 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірген. Былтыр 741 жаңа жұмыс орны ашылып, 21 өнеркәсіп нысаны қолданысқа берілсе, 18 кәсіпорын өз өндірістерін кеңейткен. Сонымен қатар, индустрияландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорындар биыл өнеркәсіп өнімінің көлемін 330 миллиард теңгеге дейін жеткізіп, 450 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, аудандағы ауылшаруашылығының өнімінің көлемі 8 миллиард теңгеге жеткен. Мал шаруашылығында 96 мың тонна ет, 54,2 мың тонна сүт, 156 миллион дана жұмыртқа тұтынушыға жол тартқан.

Биыл аудан экономикасына 12 ірі және шағын кәсіпорындар бойынша 10,5 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып отыр. Атап айтқанда, «MISTRAL ENERGY, «Филип Моррис Қазақстан», «Джей Ти Ай» компаниялары 2 миллиард теңге, «Шин Лайн», «Берикап Қазақстан» кәсіпорындары 500 миллионы теңге, «Галанз Ботлерс», «Вило централ Азия», «Райымбек Агро» 200 миллион теңге инвестиция салса, «Дольче», «Первый пивзавод», «Айсберг», «Фуд Таун», «АВЗ» сияқты ірі өндіріс орындарының есебінен 14 жаңа ірі кәсіпорындар  құрылып, 300 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтымақ.

Биыл құрылыс жұмыстарының көлемін 30 миллиард теңгеге және тұрғын үй құрылысын 150 мың шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланған. Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе – тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында халықтың жоғы түгенделіп, баспана алып, көңілі жайлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданда «7-20-25» бағдарламасымен 45 азамат пәтер иеленсе, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен көпбалалы отбасылар үшін 2 пәтер және бюджеттік қаражатқа 5 тұрғын үй сатып алынған.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар мен аз қамтылған мұқтаж азаматтардың ішінен 33 отбасы баспаналы болды. Ал, Өтеген батыр ауылында жеке кәсіпкер «Қазыбай» 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысын аяқтап, биылғы бірінші жартыжылдықта пәтер бермекші. Сонымен қатар, Боралдай кентінде «Azar» құрылыс компаниясы «Гранит» тұрғын үй кешенінің маңынан көп пәтерлі 3 тұрғын үй, Өтеген батыр ауылында «Эталон» ЖШС-і 100 коттедждің құрылысы жобасын жүзеге асыруда.

Іле ауданы бойынша 9 ауылдық округ тұрғындары табиғи газға қосылса, тағы үш ауылда жұмыстар жалғасуда.

Білім беру саласы бойынша мемлекеттік тапсырыспен 3560 орынға арналған 38 жекеменшік балабақша іске қосылып, жұмыс істеп тұрған жекеменшік 8 балабақшада қосымша 350 орын ашылды. Аудан бойынша 161 мектепке дейінгі мекемелер, 54 мектеп жұмыс істейді.

Биылғы оқу жылында 3 жекеменшік мектеп ашылды, ондағы жалпы оқушы саны - 595. Атап айтқанда, Байсерке ауылындағы «КВАНТ» мектеп-лицейі, ҚазЦИК ауылындағы «Келешек» жекеменшік мектебі және Әлмерек би ауылындағы «Болашақ кемеңгер» жекеменшік мектебі оқушыларға тәлім беруде. Бала санының өсуіне байланысты ауданның 15 мектебі 3 ауысымды оқыту режимімен жұмыс істейді. Үшауысымды мектептерді жою мақсатында жаңа оқу жылында Жетіген ауылындағы мектепке салынған 300 орынды жапсаржай іске қосылса, Түймебай ауылындағы 300 орынды жапсаржайға құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жиын соңында қойылған сұрақтардың арасында ҚазЦИК ауылының тұрғыны Баян Топарова қаладан ауылға қатынайтын автобустар сапасының төмен екенін, сын көтермейтінін айтты.

Қала сыртындағы ауылдарға қатынайтын автобустар алматылық компаниялардың меншігінде екенін айтқан аудан әкімінің сөзіне назар аударған облыс әкімі Амандық Баталов мәселені өзара мәмілемен, жедел шешуді тапсырды.

Одан соң Боралдай кентіндегі Әзірбаев көшесінің жол жағдайы айтылып, Байсерке – Междуреченск тасжолында орналасқан Нұрғиса Тілендиев ауылындағы көпірдің апатты жағдайда тұрғаны тілге тиек етілді. Былтыр сол жерде «КамАЗ» жүк көлігі аударылған.

Осы мәселені де жеделдетіп шешудің жолдарын қарастыруды тапсырған облыс әкімі Қарасаевтың есебінде көтерілген мәселелерді талқылап, тиісті орындарға тапсырма берді. Мәселен, ана мен бала денсаулығын жіті бақылауда ұстау керектігін ескерткен Амандық Ғаббасұлы дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру қажеттігін, өкінішке қарай Іле ауданында екі ана өлімі тіркелгенін назарға алды.

Есептен кейін облыс әкімі жер, тұрғын үй, жол мәселелері бойынша оннан астам тұрғынды қабылдап, жергілікті халықты толғандырған мәселелердің мәнісін сұрап білді.

Бұдан соң Амандық Ғаббасұлы бастаған топ Байсерке ауылындағы «Металл Строй» ЖШС-ға барып, өндіріс жұмыстарымен танысты. Одан соң осы өндіріс орнына тиесілі «Квант» жаңа мектеп-лицейіне бас сұққан жұмыс тобы физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын 350 балаға арналған мектеп-лицейінің жетістіктерімен танысты.

Әзірше жекеменшік мектепте 41 бала оқиды. Оларды сабаққа әкелу, үйлеріне жеткізу және тегін тамақ беру мәселесі шешілген. Бұдан кейін облыс әкімі Өтеген батыр кентіндегі «Алма-Атинские традиций» цехының жұмысымен танысып, дайын тамақ өнімдерін шығаратын цехта 100-ден астам адам еңбек ететінін, өнім сапасын сұрап білді.

Мақпал МЫСА

Іле ауданы

Алматы облысы