"ТӨМЕНДЕГЕН": ӘКІМ ЕСЕБІНДЕ ЕСКЕРЕ ЖҮРЕР БІРНЕШЕ МӘСЕЛЕ АЙТЫЛДЫ

Уақыты: 04.02.2020
Оқылды: 887
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсембінов қатысқан есептік жиынға халық көп жиналды. Мінберге көтерілген Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ өткен жылдың қорытындысын жариялап, биыл атқарылатын міндеттерді саралап өтті.

Бүгінде Көксу ауданы заман талабына сай даму үстінде. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан аудан орталығы Балпық би ауылында ірі сауда үйлері, мейрамханалар бой көтеріп, сауда-саттық та қарқындап дамып келеді.

Халықтың негізгі дені ауылдық жерде тұратындықтан ауылшар­уашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Озық технологияларды және мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану нәтижесінде дақылдардың өнім көлемі артқан. Өткен жылы 80 мың тонна қант қызылшасы жиналып, оның 63 мың тоннасы қант зауытына өткізілген.

Мал басының саны мен өнімділігі де арта түскен. Қазақстанның 10 жылдығы ауылында мал бордақылау алаңы қолданысқа беріліп, Жарлыөзек ауылында тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталған. Көксу қант зауыты да қамыс шикізатын өңдеуді қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл зауыттың жыл бойы тұрақты жұмыс істеп, қант өңдеуіне мүмкіндік береді.

Өткен жылы аудан орталығында Еуразия сауда орталығы, көкөніс сататын базар және көпсалалы сауықтыру кешені қолданысқа беріліп, 65 жаңа жұмыс орны ашылған. Тұрғын үй мәселесі де ерекше бақылауда тұр. Бүгінгі күнге тұрғын үй кезегінде 894, тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 2 мыңнан астам адам тұр. 50 пәтерлі үйдің кілті жаңа жыл қарсаңында берілсе, 20 пәтерлі үйдің қоныстойы күні кеше аталып өтті. Алдағы уақытта дәрігер мамандарға арнайы 5 үй сатып алып беру көзделіп отыр.

Балпық би ауылы республикалық маңызы бар жолдың бойында орналасқан. Осы орайда жол бойын абаттандыру бойынша үлкен жоба жүзеге асырылып келеді, биыл бұл жұмыс толық аяқталмақ. Нәтижесінде аудан орталығы Балпық би ауылының келбеті айтарлықтай өзгерген. Сонымен қатар, Балпық би ауылындағы М.Сеңгірбаев атындағы орталық саябақта және Алғабас ауылында спорт алаңдары қолданысқа берілген. Балпық би ауылының Мырзабеков көшесіне көлік тұрағы орналастырылып, арық жүйелері жөнделген. Ал Ақшатоған ауылындағы Калинин көшесі жарықтандырылған. Жарлыөзек ауылының Идигов көшесіне жарық шамдары орнатылып, саябаққа ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген.  Аудан орталығына газ құбырын тарту жұмысы да өз деңгейінде жүзеге асуда.

Мұны әкім есебінен ғана емес, жаңарып, жайнай түскен Балпық би ауылының бүгінгі келбетінен де танып білдік. Аудан жұртшылығын бүгінгі алаңдатып отырған басты мәселе – мал ұрлығы. Оны Алмас Қабдолұлы өз баяндамасында да атап өтті.

– Өткен жылы қылмыстың алдын алу, ашу және қоғамдық орындарда тәртіпті нығайту барысында  жоспарлы түрде іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда аудан бойынша қылмыс былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 50 жағдайға төмендегені байқалады. Қылмыстың ашылу деңгейі 89,3 пайызды құрады. Ең күрделі жағдай Балпық би ауылдық округінде сақталып, өткен жылы 275 қылмыс тіркелді. Ол аудан бойына тіркелген жалпы қылмыс санының 62,2 пайызын құрайды. Олардың 32-сі ашылмай тұр. Алғабас ауылдық округінде қылмыс 2018 жылмен салыстырғанда 5 жағдайға, Еңбекші ауылдық округінде 3, Мұқаншы ауылдық округінде 2 жағдайға өсіп отыр. Ауданымызда мал ұрлығы үлкен мәселе болып тұр, – деді аудан басшысы.

Бұдан соң жиынға қатысушы тұрғындар өз сауалдарын қойып, алаңдатып жүрген мәселелерді ортаға салды. Ата-аналар атынан сөз алған Алдабергенов атындағы орта мектептің мұғалімі Айгерім Арқабаева бұрынғы спорт мектебінің ғимараты бос тұрғанын алға тартып, соны балабақша етіп беруін сұрады. Аудан орталығының тұрғыны Гүлжамал Андызбаева «Шадрин» шағынауданындағы көпқабатты үйдің алаңын жаңалап беруді өтінді. Аудан әкімі бұл екі өтініштің де орындалуын алдағы уақытта басшылыққа алатынын жеткізді.

Жиында сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндай келе Көксу ауданы басшысы алдағы уақытта ескере жүрер жайларды да атап өтті.

– Жергілікті атқарушы орган тарапынан біршама жұмыс атқарылған. Оны бүгінгі аудан тынысынан аңғаруға болады. Алайда нақты шаралар қабылдап, шешетін мәселелер де бар. Атап айтсақ, ауданда инвестиция тарту 29,3 пайызға немесе 2 млрд.теңгеге төмендеген. Қант қызылшасын өндіру мен жылыжайлардың өнімділігі жоспардан төмен. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ірі қара малын сатып алу жоспары орындалмаған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын өсіру орын алып отыр. Медициналық мекемелерде интернет жүйесіне қол жеткізу облыстық деңгейден төмен. Ауданда 442 қылмыс тіркелген. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасау 21,4 пайызға, бұзақылық 21, пәтер тонау 53,1 пайызға артқан. Осыған орай Көксу ауданы әкіміне агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту, тауарлы-сүт фермаларын, бордақылау алаңдарын, қайта өңдейтін өндірісті құру жұмыстарын жандандыруды, құрылыс көлемін арттыруды ұсынамыз, – деді.

Аудан тұрғындары Сұлтан Мырзабекұлына да сауалдарын жолдады. Балпық ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрайымы Сағымбала Төкенова бала санының артуына орай Балпық би ауылында жаңа мектеп салынса деген ұсынысын жеткізсе, аудан тұрғыны Батырболат Әлімбаев ауылдарда Абай атында бес көше бар, сол көшелерге абаттандыру жұмысы жүргізілсе деген тілегін ортаға салды. Ауыл ардагері Сайлау Бәзілов: "Орақты бабамыздың 600 жылдық мерейтойын үлкен дәрежеде өткізуге ұйытқы болсаңыз, осы аудандық Мәдениет үйіне Қалқа Жапсарбавтың есімі берілсе, Жарлыбек, Мұсабек ауылдарында Мәдениет үйі жоқ, облыс басшылығына айтып, соған қаражат бөлуге көмектессеңіз", – деген өтінішін білдірді.

Жиыннан бір күн бұрын аудан әкімі Алмас Әділ жұртшылықты қабылдап, тұрғындардың өтінішіне құлақ асты. Сондықтан да болар, есепті жиыннан соң әкім қабылдауына сұранған жан болмады. Бұл да болса әкім мен жұртшылық арасындағы түсіністік пен мәселелердің дер кезінде шешімін табуының нәтижесі болар?!

Алма ЕСЕНБАЕВА

Көксу ауданы

Алматы облысы