ҚАРАТАЛДА СУ КӨП: 2400 ТОННА ӨНІМ ЖИНАДЫ

Уақыты: 29.07.2020
Оқылды: 1238
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ескелді ауданында 6000 гектар жерге егілген күздік дәнді дақылдарды ору науқаны аяқталуға жақын қалды. Шаруалар жоспар бойынша себілген күздік бидайдан 2400 тонна өнім жинап үлгерді. Ол гектарына 19 центнерді құрайды. «Нам Г.Н.» шаруа қожалығында да соңғы алқаптарға орақ түсті. 

Шаруа қожалығы басшысы Герман Намның сөзінше, мамыр айының аяғы мен маусым айының басында күздік бидай екі рет суарылды. Бұл уақытта Қаратал өзенінде су көп және басқа шаруашылықтар егістікке аз қолданады. Су қанша керек болса, сонша пайдаланып, егістікті көркейтуге ертерек қамданған екен. Нәтижесінде ылғалдың мол болуынан гектар түсімділігі жақсы көрсеткіштерді бағындырып, су тапшылығы мәселесінен жеңіл шығып отыр. Өткен жылғыға қарағанда су мөлшері төмендеуінен биыл қажетті су қорының жетіспеушілігі туындап, егістік алқаптарында су тапшылығы орын алған еді.
Алқапты аралау барысында ескелділік шаруа астық дақылдарының ішінде барынша өнімділігі осы күздік бидай екенін айтып: «Басқа дақылдарға қарағанда күздік бидай арамшөптермен жақсы күреседі. Мәселен, сояны арамшөптерден тазарту әлдеқайда қиын, жұмысы көп. Ал күздік бидай күздегі жауын-шашынды, сондай-ақ жаз, күз соңындағы және көктем басындағы жылуды тиімдірек пайдаланатынымен өтімді. Топырақты эрозиядан қорғайды. Ұйымдастыру шаруашылық жағынан өте бағалы және анағұрлым өнімді. Сондықтан да мен үнемі өзімнің әріптес шаруаларыма бидайды қолға алу қажеттігін айтып отырамын. Себебі, бидай өсіру кез келген шаруаның қолынан келеді», – дейді.
Герман Нам егістіктегі күздік бидайдың бірнеше түрімен таныстырды. Соның бірі – «Алексеич» тұқымы. Оны екі жыл бұрын күзде сатып алған. Бұл тұқымның бір кемшілігі – тыңайтқыш мол себіліп, көбірек суарылса ғана жақсы өнім береді екен. Мысал ретінде тыңайтқыш себілген жер мен қарапайым технологиямен  өскен  тұсын салыстырмалы түрде көрсетті. Ал «Тритикале»  тұқымынан  өткен  жылы  2 тонна әкелініп, 17 гектарға егілген. Егін түсімі 6-7 тоннаны құрайды. Бұл тұқымның астық, жем, әмбебап атты үш түрі бар. Астық тұқымдасының желімтік деңгейі жоғары екен. Бидай түсімділігі де жақсы көрсеткіштерді бағындырады.
Астық жинау науқаны толық аяқталған соң, яғни күзде «Одес-ская 21» тұқымын сынақтан өткізетінін айтты.
Сонымен қатар, Герман Николаевич жерді тыңайту үшін құстың саңғырығын сеуіп тастауды әдетке айналдырған. Дәлірек айтқанда, тыңайтқышты Талдықорғандағы құс зауытынан тасымалдайды. Бұл аздап қымбатқа түскенімен егіннің бітік шығуына септігін тигізеді екен.
Егістікті аралау барысында алқаптағы басқа да ауылшаруашылығы  жұмыстары қызып жатқанын көрдік.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА
Ескелді ауданы