АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН ТАҒЫ БІР КӨРІП ШЫҚТЫ

Уақыты: 07.08.2020
Оқылды: 940
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биылғы қиын жағдайда Талдықорған қаласында республика, тіпті, Орта Азия елдері арасында баламасы жоқ нысандар бой көтеріп, жұрттың көңіл қуанышына айналуда. Сол нысандарды аралап қайтқан Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жұмыс барысындағы артықшылықты атап, кемшіліктерге сын-ескертпе айтты.

Аймақ басшысы алдымен «Қаратал» шағынауданындағы Студенттер үйіне ат басын тіреді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары іргетасы қаланып, кейінгі жылдары құрылыс жұмысы тоқтап, жаңа шағынауданның сәнін бұзып келген көпқабатты нысан өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен студенттердің жатақхана қиындығын шешу мақсатымен қолға алынған болатын.

Міне, қазір 4.18 гектар алқапқа орналасқан жатақхана ғимараты, спорт алаңы, балалардың демалыс орны, автотұрақ, гүлзарлар мен мерекелік шаралар ұйымдастыруға арналған шатырлардың арасындағы бос жерге отырғызылған сәмбі тал мен көпжылдық шыршалар, жол жиегіне төселген көкорай шалғын шөп пен алуан түрлі гүл аумақты түрлентіп жіберген. 10, 13 қабатты құрылысқа бөліне орналасқан 96 бөлменің әрбірінің ішіне студенттерге керекті құрал-жабдықтар орналастырылыпты. Жатақхана ғимаратына кіреберіске айналдыра қойылған үстел-орындық, үлкен экранды теледидар, тағы да басқа жиһаздар жанға жылылық сыйлайды. Әр қабаттағы залға айналдыра әсем өрнекті терезелер қойылып, қауіпсіздікті сақтаудың барлық талабы орындалған. Жеделсаты да зырылдап жүріп тұр.

Қысқасы, 2173,3 миллион теңге қаржымен құрылыс жұмысы аяқталып, енді 288 студенттің алаңсыз білім алуына бар жағдай жасалған. Десе де, құрылыс алаңын абаттандыру жұмысындағы кейбір кемшіліктерді байқаған облыс әкімі мердігер компания «BI-Industrial» ЖШС өкілдері мен облыс және қаланың құрылыс саласына жауапты мамандарына көрсетіп, оны түзетуді тапсырды.

Келесі кезекте облыс әкімі қаладағы жабық бассейн нысанын аралады. Мемлекет және жекеменшік әріптестігі негізінде 11,4 миллиард теңге қаржы құйылған құрылыстың бүгінде ішкі әрлеу және техникалық құрылғыларды орнату жұмыстары басталған. Республика емес, Орта Азия елдері арасында баламасы жоқ нысан қолданысқа берілген соң халықаралық сайыстарды өткізетін маңызды нысан болмақ.

Сондықтан, құрылысқа қолданылатын әрбір материалдың сапасына баса назар аударған жөн. Осыны ескерген мердігер компания өкілдері аймақ басшысына ішкі әрлеу және сыртқы абаттандыру жұмысына қолданылатын материалдарды бір-бірден таныстырып, қауіпсіздік қызметіне орай орнатылатын құрылғылардың жұмыс істеу мүмкіндігін көрсетіп шықты. Нысанның құрылысы өткен жылы басталған еді. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жоспарланған мерзімде ел игілігіне беріледі.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Алматы – Талдықорған автожолының бойынан бой көтерген коттеджді қалашық құрылысы да облыс әкімінің жиі бас сұғатын нысаны. Жалпы, 109,8 гектар аумақтағы қалашық құрылысын «ПМК-7К» ЖШС, «Құрылысшы ТБС» ЖШС, «Техно-снаб – 2002» ЖШС сияқты бірнеше компания жүргізіп жатыр. Ол жерде тұрғын үй, сауда орталығы, спорт алаңы, мектеп, балабақша, амбулатория, тағы да басқа халыққа қызмет көрсету нысандары бой көтеруі керек.

Қазірде мұнда құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Бірақ тиісті мекемелер ескерусіз қалдырған кейбір кемшіліктер облыс әкімі Амандық Баталовтың назарынан тыс қалмады. Қалашықтың алғашқы үйлерінің кілтін тапсырған тұста Амандық Ғаббасұлы облыс және қаланың құрылыс саласына жауапты мекемелеріне биылғы жылы ең алдымен тұрғындардың қалаға сабылып азық-түлік таситын қиындығын шешу мақсатымен сауда орталығын және балалардың бос уақытын алаңсыз өткізу үшін демалыс аллеясын салуды тапсырған болатын.

Өкінішке қарай, балалар аллеясын салу жұмысының тендерін ақпан айында ұтып алған құрылыс компаниясы содан бергі 7 айдың ішінде 7-ақ метр жердің жоспарын орындапты. Ала жаздай бір ғана балалар аллеясын сала алмаған компанияның салғырттығы кімді болса да ашуландыратыны анық. Осы жағдайды назарға алған аймақ басшысы құрылыс компаниясының мәселесін қатаң түрде қарауды тапсырып, тендер мәселесіне қатысты тұлғалардың да жауапкершілігі қузалатындығын ескертті.

Өткен жылы облыс әкімі Қызылтас саяжайына барған жұмыс сапарында саяжай тұрғындары Қаратал өзенінен өтетін көпірдің жоқтығынан көп қиындық көріп жатқанын айтып, Қаратал өзеніне көпір салып беруін өтінген болатын.

Міне, бүгін тұрғындардың сол тілегі орындалу алдында. Бюджеттен 318 миллион теңге бөлініп, Шайқорған және Қызылтас саяжайын жалғастыратын көпір құрылысы шешімін таба бастады. «Теплоремстрой» ЖШС-нің құрылысшылары мамыр айының соңынан бастап қолға алған көпір құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде. Нысан осы жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Көпір құрылысын арнайы келіп көрген аймақ басшысы жұмыс сапасына ризалығын білдірді.

Әрине, бүгінгідей қиын күнде құрылыс компанияларының жағдайын да түсінуге болады. Бірақ ел келешегі үшін істеліп жатқан әрбір жұмыстың кешіктіруді көтермейтінін де ескергеніміз жөн.

Қажет АНДАС

Алматы облысы