Мәселе санда емес, сапада

Уақыты: 14.03.2017
Оқылды: 1810
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өткен аптада облыстық әкімдікте республикалық қой шаруашылығы палатасының жиыны өтті. Жиналысты облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров ашып, жүргізіп отырды.  Шара аясында республикалық қой шаруашылығы палатасының төрағасы, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Тынышбай Досымбеков палата құрылғалы бергі бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдағы міндеттерді саралады. Сондай-ақ, қой шаруашылығын өркендетуге кедергі келтіріп отырған кемшіліктер мен оны түзетудің жолдарын сөз етті. Жарыссөзге шыққан ҚазҰҒА мүшесі, академик, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, қой шаруашылығы палатасының мүшесі Төрехан Сабырқұлов, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Мамай Прманшаев қой шаруашылығын дамытудың қыры мен сырын салмақтады. 

Баяндамашының сөзінен білгеніміздей, Кеңес одағы кезінде Қазақстанда 37 миллион бас қой болған. Кейін бұл көрсеткіш құлдырағанымен, қазір өріс қайтадан қойға толып, түлік саны 18 миллион бастан асты. Мұның ішінде облысымызда 3 миллионнан астам қой өсірілуде. Айта кетерлігі, отандық қой етінің дені экспортқа шығаруға сай емес. Сыртқы нарықтағы бәсекелестігі, рентабельдігі төмен, тауарлық түрі нашар. Сондықтан қойдың санын өсірумен қатар оның өнімінің сапасын жоғарылату үшін Үкімет тарапынан «Алтын асық» бағдарламасы қабылданып,  жүйелі жұмыс атқарылуда. Десе де, бұл  қой шаруашылығын дамытудың күрмеулі мәселелерін түбегейлі шешпейді. Сондықтан 2010 жылдан бастап еліміздегі ауылшаруашылық ғалымдары, республикаға, тіпті әлемге белгілі ауылшаруашылығы саласының мамандары бірлесіп, қой шаруашылығын нарықтық қатынасқа сәйкес дамытудың кешенді бағдарламасын жасапты. Осы бағдарламаны аяғына дейін жеткізу үшін өткен жылы республика бойынша қой шаруашылығы палатасы құрылды. Оның маңыздылығы туралы палата төрағасы Тынышбай Досымбеков: 
– «Қой шаруашылығы палатасы ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің 2020 жылға дейінгі қой шаруашылығын дамыту, оның өнімдерін өңдеу туралы шеберлік жоспарына сәйкес жасалған. Сондай-ақ, бұл палатаның жарғысы Елбасының 2015 жылдың желтоқсан айындағы «Қазақстан Республикасы бойынша қой шаруашылығы палатасын құру туралы» Жарлығында көрсетілген талаптарға да сай. Жарлық өткен жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асырыла бастады. Демек, отандық ғалымдар жасаған жаңа жоспар мемлекет мүддесімен сәйкес келеді», – деп жан-жақты айтып берді. 
Осындай себептермен құрылған палата жұмыс жасағалы да бір жыл уақыт өтті. Келесі кезекте палата төрағасы өткен бір жылда жеткен жетістіктер мен алдағы жұмыстар ретіне де тоқталып өтті.  
– «Қой шаруашылығының өнімділігіне тоқталсақ, 1990 жылы 284 мың тонна, 2015 жылы 164 мың тонна қой еті өндірілген. Ғалымдардың дәлелдеуінше, қазақтар жылына 48 келі ет жейді екен. Оның 10 келіге жуығы қойдың еті болуы керек. Енді 164 мың тонна етті 17 миллион тұрғынға шағатын болсақ, бүгінгі Қазақстанда өндірілетін ет ішкі сұраныстан артып тұрған жоқ. Экспорт көлемін қарайтын болсақ, 2015 жылы 100, былтыр 191 тонна қой еті экспортталған. Демек, қазіргі қой шаруашылығының өнімділігі экспорттың тағдырын өзгерте қоймайды. Ал ұлан-байтақ даласы бар қазақтар еттен өнім ала алмаса бұл әлемдік тұтынудың азаюын туындатады. Сондықтан біз қой шаруашылығын дамытуды өз дастарқанымыз төңірегінен емес, әлемдік тұтыну нарығы тұрғысынан қарастыруымыз керек», – деп түйді ол өз ойын. 
Палата төрағасы айтқан тағы да бір толғақты мәселе – қой жүнінің керекке жарамай жатқандығы. Бүгінде елімізде жылына 37 мың тоннаның төңірегінде жүн өндіріледі. Бұл жүннің 5500 тоннасы шетелге кетеді, 5500 тоннасы өзімізде өңделеді, 26 мың тоннасы іске жарамай қалып жатады. Ал, жоғарыда айтқандай, жылына      7 миллионнан астам қой сойылады. Жыл сайын шетелге 10 мың дана тері сатылады екен. Ішкі сұраныс та шамалы. Демек, қой терісінің 99,8 пайызы далаға тасталып жатыр.  
«Қой түлігінің өсіп-өнуі үшін жайылым болуы керек. Бүгінде  әр жердің иесі бар. Тіпті, ауыл іргесіндегі жерлерге дейін жекеменшікке өтіп кеткен. Мал басын көбейту үшін алдымен жайылым мәселесін шешуге тұра келеді», – деген Тынышбай Досымбеков  палата мүшелерінің осы мәселемен жүйелі айналысып жатқанын тілге тиек етті. 
Қой шаруашылығын дамытуға кедергі болып отырған тағы бір мәселе – ветеринария мәселесі. Жасыратыны жоқ, бүгінде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мал дәрігерлері тезірек зейнетке шығудың қамымен күн санап жүрсе, жастар мал дәрігері болып жұмыс  істегеннен такси жүргізіп, жүргіншілерді тасығанды ұнатады. Палата мүшелері өткен жылдан бері малды емдеу жайындағы ұсынысын ветеринария комитетіне тапсырған. Онда мал ауруын анықтау, вакцинаны дер кезінде жеткізіп беру, мал дәрігерлерінің біліктілігін арттыру сынды бірқатар маңызды бағыттар қарастырылған. Бұл қатарда әрбір ауылдық округ орталығынан малдәрігерлік пунктін салу жобасы да бар. 
Осы тұста Тынышбай Досымбеков: «Ең қызығы, бүгінде елімізде малға салынатын сырғаны шетелден тасимыз. Бұл да қой шаруашылығы палатасы мүшелерінің ойынан шықпайтын мәселе. Көктемде малшының қолына тиюге тиісті сырға тендер, шекара деген кедергілерден өтіп күз айланып шаруашылықтарға үлестіріліп жатады. Сондықтан малды сырғалау жұмысы кешіге түседі. Ал сырға болмағаннан кейін қойға тексеру жұмысы да жүргізілмейді», – деп тағы бір келеңсіздікті айтып салды.  Осы мәселені дер уағында шешу үшін палата мамандары Ауылшаруашылық министрлігіне хат жазған екен. Министрліктен: «Қазір еліміз бойынша             8 миллион қойда сырға бар. Қалған 8 миллионы жуық арада сырғаланады» деген жауап алынған. Уәде қағазда жазылғандай орындалса игі еді. 
Асыл тұқымды қошқар өсіретіндердің де қамы жеткілікті. Олар: «Жыл бойы асыл тұқымды қошқар өсіреміз. Оның біразы ғана сатылады да, қалғаны өтпейді. Оны қыстан шығарудың өзі қалтаға жүк түсіреді», – дейді. Әдетте 30 саулыққа бір қошқардан келеді десек, 500 саулығы бар  шаруа қожалығы 16 қошқар сатып алу керек. Сондықтан шаруа қожалықтарының жетекшілері: «Қошқардың бағасы тым қымбат. 17 қошқардың орнына 10, тіпті 5 қошқар сатып алып, ұрықтандыру жоспарын орындай аламыз», – деп ат-тонын ала қашады. Расында, бір қошқар 40 мың теңге десек, 700 мың теңге шаруа үшін аз ақша емес. Сондықтан палата мүшелері осыған дейін әр қошқарға беріліп келген 8 мың теңге субсидияны 25 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс көтерген. Ақыры бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тауып, биылдан бастап субсидия көлемі 20 мың теңгеге көтерілді. Демек, 40 мың теңгелік асыл тұқымды қошқарды жарты бағасына сатып алады. Базардағы тауарлы қойдың өзі 20 мың теңгеден саудаланып жатқанын ескерсек, мұның өзі шаруаларға үлкен көмек деген сөз. Бұл да палатаның атқарған ауқымды шараларының бірі. 
  Бұл жерде мал шаруашылық палатасы тек қана асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарға ғана көмек көрсетеді деген ой туындамауы керек. Бүгінгі таңда палата тауарлы мал өсіретін тұрғындардың қолындағы малын асылдандыруға көмек көрсете бастады. 
 «Мал баққанға бітеді», дейді халқымыз. Осы тұста қойды асылдандыру арқылы барлық жоспарды тындырып тастадық деуге болмайды. Сонымен бірге, сервистік қызметті де жақсарту керек. Мұндағы басты мәселе, алыс жайлаулардағы малшылар тұратын үйдің жағдайы. Палата мүшелері малшыларға киіз үй ең қолайлы деп отыр.  Есептеп көргенде, бір үйдің құны 490 мың теңге көлемінде болады екен. «Инвест субсидия» бағдарламасы арқылы Үкімет киіз үйдің 80%-ын  субсидиялауға ниет білдіріп отыр. Сонда әрбір киіз үйді  100 мың теңгеден сатып алады.  Биыл палатаның мұрындық болуымен  мың киіз үй жасалмақ. Осы тұста тері, жүн қабылдау пунктін ашамын деген тұрғындарға Үкімет 50 пайыз субсидия беруді жоспарлап отырғанын қоса кету керек.
Республикалық қой шаруашылығы палатасының алдағы жұмысы да ауқымды. Олар шаруа қожалықтарының қой тұқымын асылдандыру, будандастыру, тауарлы шаруашылықтардың өнімін, саулықтың үлесін арттыру, қой бордақылау алаңдарының жұмысын жандандыру, өндірілген өнімнің сапасын жақсарту, тері, жүн өңдеу саласын ретке келтіру, жайылымды тиімді пайдалану, оның құнарлығын арттыру, суландыру мәселесін шешу жұмыстарын қолға алмақшы. Осы жұмыстар іс жүзіне асқанда еліміз қой етін экспорттайтын әлеуетті мемлекеттер қатарына енетін болады.

1990 жылы 284 мың тонна, 2015 жылы 164 мың тонна қой еті өндірілген. Ғалымдардың дәлелдеуінше, қазақтар жылына 48 келе ет жейді екен.
Экспорт көлемін қарайтын болсақ, 2015 жылы 100, былтыр 191 тонна қой еті экспортталған. Демек, қазіргі қой шаруашылығының өнімділігі экспорттың тағдырын өзгерте қоймайды. 
Тағы да бір толғақты мәселе – қой жүнінің керекке жарамай жатқандығы. Бүгінде елімізде жылына 37 мың тоннаның төңірегінде жүн өндіріледі. Бұл жүннің 5500 тоннасы шетелге кетеді, 5500 тоннасы өзімізде өңделеді, 26 мың тоннасы іске жарамай қалып жатады. 

Қажет АНДАС