"ТӨРТ МИЛЛИОННАН АСТЫ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ІРІ ҚАРА МЕН ҚОЙ-ЕШКІ САНЫ ӨСТІ

Уақыты: 17.09.2020
Оқылды: 1389
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазіргі уақытта Алматы облысында сыйымдылығы 70,1 мың бас болатын 106 бордақылау алаңы бар. Жыл басынан бері Көксу және Сарқан аудандарында 550 басқа арналған 3 мал бордақылау алаңы іске қосылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 5720 бас сыйымдылығы бар тағы 11 мал бордақылау алаңын пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы, облыста ірі қара мал саны 1 257,9 мың басқа, ұсақ мал 4 430,5 мың басқа жетті.

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, 2019 жылғы қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда облыста ірі қара мал саны 5 пайызға өсіп, барлығы 1 257,9 мың басты құрады. Оның ішінде сиыр 577,8 мың басқа жетті, қой мен ешкі саны 4 430,5 мың басқа көбейді. Жылқы 7,8 пайызға өсіп, 385,3 мың басқа жетті. Сонымен бірге, өндірілген ет көлемі 4,1 пайыз өсумен 213,1 мың тоннаны құраса, сүт 3,1 пайыз өсіммен 547,5 мың тоннаға жетті.

Айта кету керек, асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі 197,8 мың бас немесе 18,7 пайыз, қой 812,8 мың бас немесе 23,2 пайыз, жылқы 51 063 мың бас немесе 15,6 пайыз, түйе 3896 мың бас немесе 52,4 пайыз, құс 1322,2 мың немесе 12,8 пайыз. Сонымен қатар, облыста тұқымды трансформациялау ірі қара малдың асыл тұқымды қорының 30,2 пайызын қамтиды.

Жануарлардың асыл тұқымды қасиеттерін жақсарту және олардың өнімділігін арттыру мақсатында биыл 1888 бас асыл тұқымды ірі қара мал шетелден алынды. «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 11 775 бас ірі қара мен 17 850 бас қойды сатып әкелді.

Барлығы 2 937,1 тонна ет экспортталды. Оның ішінде, сиыр еті – 614 тонна, қой еті –  2,8 тонна, құс еті –  2320,3 тонна.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"