АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА "ЕГІСТІКТЕН СӨРЕГЕ ДЕЙІН" ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 22.09.2020
Оқылды: 886
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" өңірлік даму институты" акционерлік қоғамы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын өсірмей, қалыпты ұстап тұру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып, кешенді шаралар қабылдап келеді. Сонымен бірге, корпорация бүгінде Алматы облысының «Егістіктен сөреге дейін» кооперациялық тізбегін дамыту жөніндегі пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Мемлекет басшысының бастамасымен аталған жоба қазір республика бойынша үш аймақта жүріп жатыр. Солардың бірі - Алматы облысы.

Осыған байланысты жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар жөнінде «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары Альмира Ибраимова егжей-тегжейлі баяндап берді.

Альмира Қадырбайқызының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстың тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін және кәсіпкерлік субъектілеріне, сауда кәсіпорындарына (дүкендерге), сондай-ақ, өңірдің тауар өндірушілеріне жеңілдетілген қарыздар беру үшін облыс әкімдігі жергілікті бюджет есебінен 2 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлген.

Аймақтағы тауар өндірушілер үшін жеңілдетілген қаржыландыру – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақты ұстау және өндіру үшін берілді. Жоғарыда аталған 2 миллиард теңгенің 700 миллион теңгесі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыруға арналған. Қазіргі кезде аталған қордың қоймасына ұн, кеспе, қант, күріш, картоп, пияз сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері сатып алынған.

Бұл тауарлар белгіленген бағамен әлеуметтік дүкендер арқылы тұтынушыға жеткізіледі. Ал қалған 1,3 миллиард теңгесі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіріп, өсірумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие түрінде беріледі. Бүгінде кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру бойынша тізім жасалып, бекітілді. Келесі тауарлық позициялар бойынша 3 кәсіпкерлік субъектілері (өңдеушілер) анықталған.

Атап айтқанда, олар сүт, айран, сүзбе, қатық, кілегей, сары май сияқты сүт өнімдерін шығаратын «Adal» аграрлық-өнеркәсіптік компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Ляззат 2006» ЖШС, құс еті мен 1 санаттағы тауық жұмыртқасын өндірумен шұғылданатын «Когер ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сондай-ақ, картоп, күріш, пияз өсірушілер мен қант өндірушісі де бар. Айта кетейік, бизнеске арналған жеңілдетілген несие 0,01 пайыз. Өңірлерде 12 сауда нүктесі бойынша филиалдық желілері бар «Сабыржан» компаниясы мен жергілікті тауар өндірушілер де несиелендірілген.

«Егістіктен сөреге дейін» пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджет қаражаты есебінен 1 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы, бұл жобаның басты мақсаты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын делдалдарсыз, яғни, алыпсатарлардың қызметіне жол бермей және шекті бағадан асырмай тікелей тұтынушыға дейін жеткізу. Корпорация қазір осы бағытта жұмыстар жүргізуде. Мәселен, жалпы сомасы 500 миллион теңгеге несие беру үшін 34 қант қызылшасы шикізатын жеткізуші анықталып, ол шаруашылықтарға аталған сома көлемінде қаражат аударылған.

Осыған байланысты жеңілдетілген несие қаражатының тиімділігі мен пайдасын көріп отырған бірнеше шаруа қожалықтарының бүгінгі тыныс-тіршіліктерімен жақын танысу үшін аталмыш корпорацияның баспасөз хатшысы Диас Бейсенбек журналистермен баспасөз турын ұйымдастырды.

Алдымен Көксу ауданына ат  басын бұрып, «Алим-Таяр» жеке шаруа қожалығына табан тіредік. Байқағанымыздай, жаз бойы күтіп-бапталып өсірілген қант қызылшасы алқапта жайқалып тұр. Енді біраз күннен соң оларды жинау жұмыстары басталады. Дайын өнімдер аталған өңірдегі «Көксу қант» зауытына өткізіледі.

Қожалық басшысы Тахир Зейноллаев бізді егістік басында қарсы алып, атқарып жатқан жұмыстарын әңгімелеп берді.

Шаруашылық иесінің сөзінше, егістікте тәтті түбірден басқа пияз, жүгері, картоп, майбұршақ сияқты дақылдар өсіріледі. Ал оларды өсіріп, өндіру үшін қожалықта барлығы жетпіс шақты адам еңбек етеді. Таяуда корпорация арқылы «Егістіктен сөреге дейін» пилоттық жобасы аясында төмен пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, қомақты қаражатқа ие болған қожалық басшысы Үкімет тарапынан жасалған мұндай көмектің әсіресе күзгі жиын-терін кезінде үлкен демеу болып отырғанын айтып, ағынан жарылды. Осындай жақсылықтар жасап, ілкімді істерге жол ашқан ел басшыларына деген алғысы шексіз.

1999 жылы құрылған шаруашылықта қазір170 гектар жер бар. Бастапқыда тәтті түбір небары 10 гектар жерге өсірілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 120 гектарға жеткен. Былтыр оның гектарынан 400-500 центнерден өнім жиналса, биыл 600-700 центнерден айналады деп күтіліп отыр. Ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізетін техникалары да сақадай-сай іс атқарып тұр.

Мақсат АБДРАХМАНОВ, «Жалайыр» шаруа қожалығының басшысы: «Егістіктен сөреге дейін» жобасы арқылы несие алдым. Беріліп отырған қомақты қаражат бізге айтарлықтай көмек болды. Әсіресе, күзгі науқан кезінде. Осы сияқты шарапатты іс жалғасса  деймін. Облыс әкіміне, корпорацияға  ерекше алғысымды білдіремін. Қаражатты науқандық жұмыстарды жүргізуге жұмсаймын", - дейді.

«Жалайыр» шаруа қожалығының иесі Мақсат Абдрахманов та бұл несиеге дән риза. Осыдан сегіз жыл бұрын шаруашылығын дөңгеленте бастаған қожалықта барлығы 200 гектар жер бар. Соның 30 гектарына тәтті түбір егеді.

Негізінен алқаптың басым бөлігі майбұршаққа арналыпты. Шаруашылық иесі қант қызылшасын аз ексе де одан алынатын өнім көлемін еселетуді мақсат санайды. Мәселен, ол гектарынан 700 центнерден қызылша жинаймын деп сеніп отыр. Тұқым мен минералды тыңайтқыштардың сапасы да гектар берекелілігін тасытуға оң ықпалын тигізуде. Мұны да «Жетісу» әлеуметтік корпорациясының шаруаларға жасаған көмегі деп біледі.  Қожалық иесі бірнеше отбасын жұмыспен қамтыған. Олардың бәрі жергілікті тұрғындар. Айлық жалақылары да уақытылы беріледі. Кәсіпкердің алға қойған жоба-жоспарлары да ұшан-теңіз.

Ақсу ауданындағы «Квитко» шаруа қожалығы мен «Ақмол» сервистік дайындау орталығының қазіргі кезде атқарып жатқан жұмыстарын да байқап қайттық. Алдымен «Квитко» шаруашылығының қызылша егістігіне барып, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық. Алқаптағы тәтті түбір пісіп-жетіліп, жинап-теруге дайын. Александр Квитко бізге өзінің шаруа қожалығы туралы айтып берді.

«Квитко» шаруа қожалығының басшысы Александр КВИТКО:

– Былтыр 110 гектар жерге тәтті түбір өсірдім. Одан мол өнім алынды. Биыл да жақсы көрсеткішке қол жеткіземін деген үміттемін. «Егістіктен сөреге дейін» пилоттық жобасы бойынша берілетін несиеге ие болдым. Қаражат жиын-терінді жүргізуге оң ықпалын тигізеді. Ризашылық таныта отырып, осындай игілікті істер көбейсе деймін, - дейді.

Жоғарыда аталған пилоттық жоба аясында төмен пайызбен несие алған қожалық иесінің Үкіметтің бұл қамқорлығына алғысы шексіз. Шаруашылықта бар 180 гектар алқаптың 30 гектары суармалы, қалған тәлімі жерде астық өсіріледі.

Бүгінде ол 57 гектарға қант қызылшасының сапалы тұқымын сепкен. Нәтижесі жаман емес. Оның гектарынан 500 центнерден өнім жиналады деп күтілуде. Ауылдың бірнеше тұрғынына жұмыс беріп отыр. Шаруашылыққа қажетті техникалары да жетеді.

Аудандағы «Ақмол» сервистік дайындау орталығындағы ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізетін комбайн, трактор, соқа, тырма сияқты техникаларды да көрдік. Басшысы Берік Тынышпаев өз жерінде мал азығы дақылдары мен жоңышқа, арпа, майбұршақ және қант қызылшасын өсіреді.

«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ның қолдауымен қызылшаның элиталық тұқымдарына, қаржылық лизинг бойынша ауылшаруашылығы техникаларына да қол жеткізген. Биыл 100 гектардан аса алқапқа егілген тәтті түбірдің әр гектарынан 60-70 тоннадан аса өнім жиналады деп жоспарлауда.

Таяуда корпорация арқылы аталған пилоттық жоба аясында жеңілдетілген несиені де алмақ. Сондай-ақ, аймақта нанның бағасы да тұрақты болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында «Жетісу» кәсіпкерлік корпорациясы мен наубайханалар арасында ұн жеткізуге агенттік келісімдер жасалды. Өткен жылдың қарашасынан бастап облыста арзандатылған ұн 1 келісі үшін 90 теңге бағамен 54 наубайханаға жеткізіледі. Осы уақытқа дейін наубайханаларға барлығы 11,9 мың тонна ұн жеткізілді. Өз кезегінде наубайханалар әлеуметтік нанды бір бөлке үшін 85 теңгеден аспайтын бағамен сатуға міндеттеледі.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы