ҮКІМЕТ: ЕЛІМІЗДЕ ЕГІН ЖИНАУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 93 ПАЙЫЗЫ ОРЫНДАЛДЫ

Уақыты: 25.09.2020
Оқылды: 962
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Онда биылғы егін жинау жұмыстарының барысы мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

Аталған тақырып аясында бірқатар лауазымды тұлғалар есеп берді. Алдымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың баяндамасы тыңдалды. Белгілі болғандай, қазір елде егін жинау жұмыстарының 93 пайыздан астамы орындалған. Барлығы 18 млн.тонна көлемінде астық жиналады деп күтіліп отыр. Егістік алқабының әр гектарынан 12,3 центнерден өнім жиналуда. Жаңа өнімнің экспорттық әлеуеті шамамен 8 млн.тоннаны құрайды.

Асқар Ұзақбайұлы жаһандық үрдіске қарағанда әлемдік нарықта азық-түлікке деген сұраныс пен бағаның өсе беретінін, сол себепті астық өсіру мен одан жасалатын өнімдер экспортының көлемін барынша ұлғайтудың басты міндеттің біріне айналып отырғанын айтты. Осыған байланысты Үкімет басшысы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне дәнді және бұршақты дақылдарды қайта өңдеу саласын дамытуды, экспорттық әлеуетті арттыру бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Премьер-Министр әкімдіктер мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қысқа мерзім ішінде астық жинау жұмыстарын аяқтап, егіннің сақталуын қамтамасыз ету, астыққа сатып алу бағасын белгілеу және нарық қатысушыларын хабардар ету, форвардтық сатып алу тетігі аясында қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұған қоса ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, астықты үздіксіз тасымалдау үшін жылжымалы құраммен қамтамасыз ету шараларын қабылдау жүктелді.

Екінші мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов, тағы басқалары хабарлама жасады. Биылдың 8 айында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне қызметтер мен тауарлардың сапасына қатысты шағымдармен 8 мыңнан аса өтініш түсіп, олар бойынша тұтынушылардың 80 пайызының құқықтары қорғалған. Биылғы маусымда үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті тарта отырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесін құруға ықпал ететін заңнамалық түзетулер қабылданған.

ҚР Премьер-Министрі тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қазақстандық жүйесі «Тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет» өзара іс-қимыл жасау байланысы нақты құрылған шетелдік озық тәжірибені ескеруі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте азық-түлік саласына, медициналық қызметтерге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, фармацевтикалық тауарларға, сондай-ақ туризмге ерекше назар аударылуы қажет екені назарға алынды.

Үкімет басшысы: «Сапасына кепілдік беруге болатын өнімдерді өндіруге, бақылау мақсатындағы сатып алу тетігін пайдалануға, адал жарнама мен маркетингке бағытталған саясат жүргізу қажет», – деді. Сонымен бірге, ол жыл соңына дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қоғамдық ұйымдар бірлестігін құрып, үкіметтік емес ұйымдар базасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу мәселесін пысықтауды тапсырды. ҚР Ұлттық экономика, Сауда және Әділет министрліктеріне нормативтік-құқықтық актілер жобаларының тұтынушылардың құқықтарын қорғау тұрғысынан реттеушілік әсеріне талдау жүргізу бойынша міндетті талапты қарастыру жүктелді. Бұған қоса, осы актілерді әзірлеуге қоғамдық кеңестердің құрамында үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын қамтамасыз етудің қажет екені айтылды.

ҚР Сауда министрлігіне ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың тиімділік көрсеткіштеріне (KPI) тұтынушылар тарапынан қанағаттану және сенім деңгейін бағалауды қосу тапсырылды.

Жиын барысында «Атамекен» ҰКП-ға Ерікті іскерлік тәжірибе ережелерінің жиынтығын және тұтынушылардың мүдделері мен құқықтарын ескеретін үлгілік шарттарды қабылдау, сондай-ақ, ұсынылатын қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсарту үшін бизнесті ынталандыру шараларын пысықтау жүктелді.

Үкімет басшысы 1 қарашаға дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесін құру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді міндеттеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА