ФЕРМЕРЛЕР АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 25.10.2020
Оқылды: 783
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлер қауымдастық нысанындағы бірлестігінің басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев арнайы жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Іссапар барысында бірқатар ауданды аралап, ауылшаруашылығы саласының тыныс-тіршілігімен танысты.

Жигули Молдахалықұлымен Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Ақшабай Керімбеков бірге жүріп, өңірлердегі шаруашылықтардың атқарып жатқан жұмыстарын көрсетті. Алдымен олар облыс әкімі Амандық Баталовтың қабылдауында болып, ауылшаруашылығы мәселелері жайында сөз қозғады. Әңгімелесу кезінде аталған салада атқарылып жатқан жұмыстарды назарға алып, өркендету жолдарын талқылады.

Бұдан соң Ақсу, Көксу, Ескелді аудандарындағы бірқатар шаруашылықтың егістік алқаптары мен қант қызылшасы зауыттарында және кәсіпорындарда болды. Солардың бірі - Көксу ауданындағы 400 ірі қара малына арналған тауарлы-сүт фермасы.

Байқағанымыздай, аталған кәсіпорын еуропалық үлгіде салыныпты. Қазіргі уақытта сүт фермасында бір сиырдан тәулігіне орташа 25-30 литр сүт сауылады. Дайын өнім облыстың сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі. Фермада қазір мыңға жуық сиыр бар. Екінші кезектегі нысанның құрылысы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сиыр қора мен мал азығы цехы салынуда.

Жигули Молдахалықұлы бастаған топ Көксу, Ақсу қант зауыттарының жұмысын да көрді. Бүгінде бұл нысандарда жұмыс қызу жүріп жатыр. Себебі, шаруа қожалықтары жаз бойы күтіп-баптап өсірген өнімдерін алқаптардан жиып-теріп, осы кәсіпорындарға жеткізуде.

Көксу қант зауытының еңбеккерлері былтыр 230 мың тонна қызылша өңдепті. Биыл бұл көрсеткішті еселеуді көздеп отыр. Бұған еш кедергі жоқ. Себебі, өндіріс орны жаз бойы қайта жаңғыртылып, құрал-жабдықтары жаңаланған. Тәтті түбірді өңдейтін цех та толықтай күрделі жөндеуден өтіп, автоматтандырылған жүйеге көшкен. Өндіріс ошағында қазір бес жүз шақты адам жұмыспен қамтылған.

Ақсу қант зауыты да жаңаланып, жаңғырды. Іші-сырты тұтас ретке келтіріліп, қарасаң көз сүйсінетін жағдайға жетті. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар да жұмыспен қамтылды. Осының бәрі Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың жемісі деуге болады.

Зауыттың тәуліктік қуаты 4 мың тонна, ал жалпы 500-600 мың тоннаға дейін өнім өндеуге қауқарлы. Өйткені, бұл жерде шетелдік Ресей, Украина, Қытай, Корея, Германия, тағы басқа елдерден әкелінген құрылғылар орнатылған. Мұндай жаңа жабдықтар жұмыс сапасын арттырып, істі жылдам атқаруға мүмкіндік береді. Еуропалық үлгіде іс атқаратын зауыттағы жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған және компьютер арқылы бақыланады.

Бүгінде зауыт Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан жеткізілген қант қызылшасын қабылдауда. Жалпы мұнда он екі цех бар. Жоспар бойынша биыл 120 мың тонна қант қызылшасы қабылданбақ.

Көңілге қонымды шаруаларды көрген Жигули Молдахалықұлы Ақсу ауданындағы «Квитко» шаруашылығында болды. Қожалық ауылдың бірнеше тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Қажетті техникалар да сақадай-сай іс атқарып тұр. Өзінде бар алқаптың атшаптырым аумағына қант қызылшасының сапалы тұқымын сепкен. Нәтижесі жаман емес. Қант қызылшасының әр гектарынан 650 центнерден өнім жиналған.

Лауазымды тұлғалар Ескелді ауданының шаруаларымен де жүздесті. Олармен ой бөлісіп, пікір алмасты. Көкейкесті мәселелеріне құлақ асып, оң шешімін табу жолдарын қарастырды.

Көп нәрсені көңілге түйген Жигули Молдахалықұлы өзінің жұмыс сапары соңында Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының мүшелерімен де кездесу өткізіп, ой-тілектерін тыңдап қайтты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы