САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 28.12.2020
Оқылды: 947
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Бақыт СҰЛТАНОВ ресми сапармен Талдықорған қаласына келді. Министр облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралап, ондағы жұмыстармен танысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бақыт Тұрлыханұлы бастаған лауазымды топ алдымен Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында болды. Онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктермен, аккредиттеу субъектілері және бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, олардың ой-пікірлеріне құлақ асты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының ғимаратына бас сұққан министр мырза телекөрсетілім арқылы аймақтың әлеуметтік -экономикалық даму жағдайымен танысты. Бұдан соң палатаның мәжіліс залында жиын өткізіп, іс сапармен келудегі басты мақсат-міндеттері жайын баяндады.

Басқосуды ашқан Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ алыстан ат терлетіп жеткен министр мырзаға пандемияға қарамастан бүгінде аймақ экономикасының ойдағыдай өсіп, өркендеп келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, әкім аграрлы аймақта биылғы жылдың қалай аяқталып, қандай нәтижелерге және нендей жетістіктерге қол жеткізілгендігін айтып берді. Соның ішінде кәсіпкерлік, шағын және орта бизнесті өркендету, азық-түлік өнімдерін сапалы өндіру, кәсіпорындардың жұмысын жандандыру, отандық өнімдерді экспорттау, тағы басқа салалардағы табыстарды тілге тиек етті.

Өз кезегінде Бақыт Тұрлыханұлы жаңадан құрылған аталмыш министрліктің бір жарым жыл ішінде атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталды.

Министр жиынға қатысушы кәсіпкерлердің оң шешімін табуы тиіс қандай көкейкесті проблемалары бар, сол жөнінде біліп, талқылау үшін және оған барынша тұшымды жауап қайтару мақсатында келгенін жеткізді. Ол негізінен бүгінгі таңда өндіріс орындары мен шағын және орта бизнестің жұмысын жандандыру, кәсіпорындар өндірген өнімдердің бәсекелестік қабілеттілігін арттыру, отандық өнімдердің санына емес, сапалы өндірілуіне мән беру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тұтынушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, сауда мәдениетін өркендету, қызмет көрсету сапасын жақсарту, сертификаттау, стандарттау мәселесін реттеу, адами капиталды дамыту, тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз ету және осыған байланысты проблемалар туындап жатса, оның оң шешімін табу жолдарын осы бастан қарастыру сияқты мәселелерге баса назар аударды.

Жиын барысында Бақыт Тұрлыханұлы «Қайнар АКБ» ЖШС директоры Серікбай Ажмағамбетовтың, «Темірбетон» ЖШС директоры Павел Хреновтың, «Республикалық ветеринариялық зертхана» Талдықорған филиалының директоры Мұрат Мейірбековтің, «Халал Даму» директоры Айбек Аташевтің, тағы басқа кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

Соңында Бақыт Тұрлыханұлы журналистерге сұхбат берді.

– Біз арнайы іссапар аясында өзіміздің мамандарымызды әкеліп, бизнес өкілдері және тұтынушылар ұйымдарымен кездесу өткізіп, маңызды мәселелерді талқылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Өздеріңіз білесіздер, пандемияға байланысты биыл қиындық туындап, сауда саласында біраз өзгерістер болып жатыр. Өндіру және өндірілген тауарды нарыққа жеткізу мәселелері бойынша біраз проблемалар туып отыр. Соған қарамастан мүмкіндіктер бар. Олардың бәрін қалай пайдаланамыз, қандай нәтижелерге қол жеткізуге болады және қандай кедергілер туындауда? Міне, осы мәселерді білу үшін келдік. Біз бір жарым жыл ішінде біраз жұмыс атқардық. Осының бәрін бизнес өкілдеріне түсіндіруіміз керек, – деген министр жаз айында Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына өзгерістер енгізілгені жайында жан-жақты айтып берді.

Бұдан соң министр Талдықорған қаласындағы Рақышев көшесінің бойынан орын тепкен «Магнум» сауда орталығына бас сұқты. Сауда кешеніне кіріп, аралап көрді. Онда сауда сөрелеріне қойылған тауар түрлеріне, әсіресе, отандық өнімдерге көз жүгіртіп, сауда мәдениеті мен қызмет көрсету сапасына көңіл аударды. Аралау барысында «Текелі сүт зауыты» ЖШС өндірген өнімдерге назар салып, басшысы Денис Де мырзамен тілдесті. Аталған серіктестік басшысы сол жерде сүттен жасалатын өнім түрінің жыл сайын өсіп келе жатқанын, әсіресе, өнімнің сапасына айрықша мән берілетінін айтып берді.

Бақыт Тұрлыханұлы бастаған лауазымды топ облыс орталығындағы «Қайнар» зауытында да болды. Олар кәсіпорынды тұтас аралып, ондағы жұмыс үрдісімен танысты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы