Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ 2,6 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕДІ: ПРЕЗИДЕНТ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР

Уақыты: 28.01.2021
Оқылды: 504
Бөлім: САЯСАТ

Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ төрағалығымен онлайн форматта Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда елдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттер талқыланды. Бірінші кезекте ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН баяндама жасады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен: «Былтыр жаһандағы ахуал өте күрделі болды. Пандемия салдарынан дүниежүзінің жалпы ішкі өнімі 5,2 пайызға азайды. Оның әсері Қазақстанға да тиді. Экономикамыз 2,6 пайызға төмендеді. Дегенмен біз инфляцияны өзіміз жоспарлаған 7,5 пайыз деңгейінде сақтап қалдық. Кейбір салаларда едәуір өсім бар. Үкімет дағдарыс кезінде тыңғылықты жұмыс істеді. Үкіметтің ендігі міндеті экономиканың даму қарқынын қалпына келтіру. Сондай-ақ, елге инвестиция тартып, азаматтардың нақты табысын көбейту – басты мақсаттың бірі болып отыр», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Бұдан соң Үкімет басшысы есеп берді. Асқар Ұзақбайұлының айтуынша, экономиканың негізгі салалары – экономиканың орнықты өсуіне мүмкіндік берген.

Мәселен, тауарлар өндірісінің көлемі 2 пайызға өсті. Әсіресе, құрылыс саласы қарқынды дамыған. Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде де өсім бар. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 16,8 пайызға жоғарылап, 15,3 млн. шаршы метрді құраған. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім машина жасаудағы 16 пайыз, оның ішінде автомобиль жасауда 53, фармацевтикада 47, металлургияда 2,6 және жеңіл өнеркәсіптегі 15 пайыз өсім есебінен қамтамасыз етілген. Жылдық инфляция 7,5 пайыз болса, жұмыссыздық 5 пайыз деңгейінде сақталған. Бұған Жұмыспен қамтудың жол картасының және дағдарысқа қарсы қабылданған іс-шаралардың тиімді іске асырылуының нәтижесінде қол жеткізілген. Барлығы 700 мың кәсіпкер салықтық жеңілдік алып, зиян шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80 пайызы несиелерді төлеу мерзімін кейінге ауыстыру бойынша жеңілдіктерді пайдаланған. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы қаржыландырылған.

– Өңірлер бойынша өсім СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарында байқалды. Одан кейін ШҚО мен Шымкент қаласы тұр. Экономиканы дамыту бойынша өткен жылы 10 өңірде оң көрсеткіштер тіркелді. 4 өңір орта республикалық көрсеткіш бойынша аяқтады. Үкіметтің басты назарында елдің стратегиялық мақсаттары мен Жолдаудағы тапсырмалар бар. Стратегиялық міндеттерді орындау бойынша биыл 7 басты бағытты дамыту мақсаты тұр, – деп атап өткен Үкімет басшысы олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.

Асқар Ұзақбайұлы, сондай-ақ, Үкімет жұмысының биыл атқаратын негізгі жұмыстарын пысықтады. Мәселен, экономика өсімін 3 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды жалпы ішкі өнімнің 20 пайызына, шағын және орта бизнес үлесін 30 пайызға дейін жеткізу, агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 1,4 есе, өңдеу өнеркәсібін 10 пайызға өсіру, жұмыссыздықты 4,9 пайызға дейін төмендету болып отырғанын айтты. 

Үкімет басшысы алдағы міндеттерге де шолу жасады. Ол өз сөзінде биыл 17 млн.шаршы метр тұрғын үй салынатынын, 2025 жылға дейін 3 561 ауылдың жаңғыртылатынын, Түркістан-Шымкент-Ташкент жоғары жылдамдықты теміржол магистралі салынатынын, жер учаскесін онлайн рәсімдеуге болатынын, биыл 5,8 мың шақырым жол ақылы болатынын, индустрияландыру картасы аясында 112 жоба іске асатынын, АӨК-те 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылатынын, тамақ өнеркәсібінде 49 кәсіпорын іске қосылатынын айтты.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев аталған банктің жай-күйі мен атқарып жатқан жұмыстарын баяндаса, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин агенттік құрылғаннан бері жүзеге асырылған істерін пысықтады. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жақсарту жөніндегі негізгі мәселелер туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов талқылады. 

Жиында бүгінде Қазақстанда вакцинация басталар алдындағы дайындық жұмыстарының аяқталуға таяғаны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті. Оның сөзінше, КОВИД -19 вирусын жұқтыру бойынша жалпы әлемдік рейтингте Қазақстан 1 миллион адамға шаққанда 221 мемлекеттің ішінде 109-орында, өлім-жітім бойынша 97-орында, тестіленушілер бойынша 69-орында, сауыққандар саны бойынша 87-орында, ауыр жағдайлар саны бойынша 50-орында тұр. 

Ақпанның 1-нен бастап елде вакциналау науқаны басталады деп күтіліп отыр. Жыл соңына дейін 6 млн.-ға жуық қазақстандықты вакциналау жоспарланған. Бірінші кезеңде вакциналау КВИ-мен күресудегі «алғашқы желі» қызметкерлеріне жасалмақ. Бұл медицина қызметкерлері, педагогтар және күш құрылымдарының қызметкерлері. Сондай-ақ, министр жыл соңына дейін эпидемиологиялық ахуалды дамыту жөніндегі болжамдарымен де бөлісті. Мәселен, міндетті маска режимін, әлеуметтік арақашықтықты және күтілетін вакциналауды қоса алғанда, қолданыстағы шектеу шараларын сақтай отырып, ауру жағдайларын тіркеудің ықтимал өршуі осы жылдың наурыз айының соңында орын алуы мүмкін. Болжам бойынша, бірінші жартыжылдықта 2 миллион адамды вакциналау 40 мыңға дейін тіркелетін жағдайды азайтпақ.

Вакцинациядан болатын әсер бірінші кезеңде иммунитетті қалыптастыруға қажетті уақытпен және халықтың көбін бір мезетте вакциналаудың мүмкін еместігімен шектелмек. Кейіннен вакциналау әсері күшейіп, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әсер етеді. Отырыс барысында аталған сала министрі Ел Президентінің қойған сұрақтарына жауап беріп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп жұмыс істегеннің нәтижесінде дәрілік препараттардың бағасын 27 пайызға төмендету мүмкін болғанын айтты. 

Мемлекет басшысы әкімдерге вакциналау мәселесінде дүрбелеңге жол бермеу керектігін назарға салып, ҚР Денсаулық сақтау министрі мен өңір әкімдеріне халықты жаппай вакциналау мәселесіне баса мән беруді тапсырды. Сонымен бірге жиында бірқатар облыс әкімдері өздерінің аймақтарында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде хабарлама жасап, Қасым-Жомарт Кемелұлы тарапынан қойылған көкейкесті сұрақтарға жауап қайтарды.

Жиын соңында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлікті қолдау жайына кеңінен тоқталды. Мәселен, кәсіпкерлікті оқыған 100 мыңнан астам адамның мемлекет қолдауынан тыс қалғаны және биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуы тиіс екені ескертілді. Осы ретте: «Пандемия мен карантин шектеулері, сауда қатынастарының бұзылуы елдегі іскерлік белсенділікке кері әсерін тигізді. Көптеген ірі кәсіпорындардың көрсеткіші төмендеді. Әсіресе, шағын және орта бизнес қатты зардап шегуде. «Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау-бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды», – деді Президент.

Ел Президенті, сонымен бірге, азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отырғанын, бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізілетінін, дәл осындай 15 мың жағдай тіркелгенін, жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шыққанын атап айтты. Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында анықталған. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллион теңгеден  небәрі 5,5 миллиард теңге салық төленген. «Бұл – жарты-ақ пайыз», – деген Қасым- Жомарт Кемелұлы мемлекеттік кіріске жауапты органдар мәселені қатаң бақылауға алып, қажет болса, құқық қорғау органдарын да осы жұмысқа тарту қажет екенін назарға салды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет мүшелері мен әкімдердің  мемлекеттік сатып алудағы жергілікті өнімдердің үлесін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстарын сынға алды. Былтыр 9 айда тауарға, жұмысқа және қызмет көрсетуге қатысты сатып алуларды реттеудің жалпы көлемі 12,5 триллион теңгені құраған. Жергілікті тауарлар мен қызмет көрсетуге бар болғаны 6,4 триллион теңге немесе қаржының 52 пайызы бөлінген. Экономикаға аталған қаражаттың жартысына жуығы жұмсалмаған. «Бюджеттің триллиондаған қаржысын импортқа жұмсауға қақымыз жоқ. Сондықтан бюджеттің әкімшілері тікелей жауап беретін болады. Бұл орайда бізге «семіз» цифрлар қажет емес. Маңыздысы – дұрыс есептеу. Қазақстанда тіркелген заңды тұлғаның кез келген өнімі жиі есепке алынатыны туралы ақпарат бар. Ол өзінің тауарын жеткізе ме, әлде импорттан әкеле ме, оны бақылап отырған ешкім жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген цифрларды бекітілген әдістемеге сәйкес қайта тексеруді тапсырамын», – деді Президент.

Халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша да берілген есеп пен жасалған жұмыстардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл қаржының 98,2 пайызы игерілген. Бағдарлама халықты жұмыспен қамтуда және іскерлік белсенділікті қолдауда маңызды рөл атқарды. Бірақ ондаған, жүздеген мың жұмыс орындарының ашылғаны туралы мәліметті тексеру кезінде айырмашылық бар екені анықталған.

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің аса маңызды міндет болып отырғанын айтты. Өткен жылы халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы арзандай түсудің орнына, керісінше, қымбаттаған. Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде, сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу және сауда үстемелерін орнату сияқты қабылданған шаралар оң нәтиже бермеген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 11 пайызға өскен. Оның жалпы инфляцияға қосқан үлесі 60 пайыздан асыпты. Осы ретте Үкімет жоғарыда аталған мәселелерді шешу барысында нарық тетіктерін негізге ала отырып, іс-қимыл жиынтығын әзірлеуі тиіс екені тілге тиек етілді. Сонымен қатар, Президент Жер кодексінің кейбір нормаларына жарияланған мораторийдің биыл аяқталатынына назар аударды. Осыған байланысты Үкіметке жер комиссиясының жұмысын қайта жандандыруды және қараша айына дейін түзетулерді қабылдауды тапсырды. Ұсыныстар байыппен талқыланып, нақты шешім қабылдануы тиіс.

«Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Президент су ресурстарын сақтап, тиімді пайдаланудың  ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамудың кепілі екенін айтты. Осыған орай мемлекеттік органдардың алдында су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жобаны қабылдап, қаржыландыруды жеделдету міндетінің тұрғанын және экология мәселесінің Үкімет пен қоғамның ұдайы бақылауында болуы тиіс екені ескертілді.

Елдегі экологиялық ахуалға тоқталған Президент: «Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады. Үкіметке 2021–2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі», – деді.

Мемлекет басшысы қазақстандықтардың баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану жөніндегі бастамаға да ден қойды. Ендігі кезекте тұрғын үй нарығындағы дүрмек пен бағалардың өсуіне жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Президенттің пікірінше, мемлекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компанияларының басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алыпсатарлық операцияларға шектеу қоюы керек. Үкіметке екі апта ішінде тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын енгізу жөнінде тапсырма берілді.

Мемлекет басшысы оқушылардың білім сапасының халықаралық бағалауына да назар аударып, мектептердегі білім сапасының жүйелі түрде нашарлағанын айтты. Сондықтан бұл салаға түбегейлі өзгеріс керек. «Бүгінде оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізу жөнінде ұсыныстар өте көп. Соңғы он жылда 9 пән енгізілген. Білім беру – тәжірибе алаңы емес. Мұның бәрі негізгі пәндерге бөлінген сағаттың қысқаруына әкеп соғады. Соның өзінде елімізде оқыту жүктемесі тым жоғары – 67 сағат. Ал Финляндия мен Оңтүстік Кореяда оқыту жүктемесі – 39 сағат, АҚШ-та – 55 сағат. Шәкірттерді оқыту мен басқа да дамыту шараларының арасында тепе-теңдік болуы аса маңызды. Әлемдік үдерістерді ескере отырып, математика, тіл меңгеру және информатика секілді пәндерге ерекше басымдық берген жөн», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулық әзірлеп, оны енгізу керек. «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұжырымдамасында 2025 жылға дейін жаңа 800 мектеп салуға уәде берілген. Президент осы жұмысқа шұғыл кірісуді және биыл 200 жаңа мектеп салуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуді қайта жаңғырту маңызды деп санайды. Өтініш берушілермен жұмыс істеудің сапасын арттыру үшін «Е-өтініш» жаңа ақпараттық жүйесін және «Нәтиже» орталықтарын ашу тапсырылды. 1 шілдеге дейін жүйе барлық мемлекеттік органдарда іске қосылуы тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында ең басты міндет – азаматтардың өмір сапасын жақсартып, табыстарын арттыру екенін тағы да атап өтті. Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халық игілігіне бағытталуға тиіс.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жайлы пікірін білдірген Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған мерекені тойлауда ысырапшылдыққа жол берілмеу керектігін де айтып өтті. 

Селекторлық тәртіпте өткен жиынға қатысқан облыс әкімі Амандық Баталов Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралған мәселерге қатысты ойын білдіріп, әр салаға жауапты лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Мәселен, құрылыс саласын жандандыру, тұрғын үйлерді көптеп тұрғызу, халықты баспанамен қамту, мектептер салу, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды 99 пайызға жеткізу, балабақша санын арттыру, инвестиция тарту, елді вакциналауға дайындықты күшейту, шағын және орта бизнесті өркендету, пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді қайтару, цифрландыру жұмысын үдету, ағаштар отырғызу сияқты жұмыстарды өрістетуге ерекше көңіл бөлуді міндеттеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА