Жүректі жігер билесе

Уақыты: 10.09.2023
Оқылды: 764
Бөлім: САЯСАТ

Өз басым кезекті  Жолдаудың  "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" деген атын естігеннен-ақ риза-хош  күйге бөлене бердім. Жүректі жігер биледі. «Әділетті»  сөзі маңдайы жарқырай қайталай қайталанып тұр! Ел тағдыры байланып тұрған бастаманың табиғи жалғасын тауып, баянды болуының өзі бір бақыт! Адамзат алпауыттарының көзқұртына айналған асты кеніш, үсті пейіш жеріміздің түлеуі, жұмылған жұрттың аспандағы айға білек күшін білеуі – естіліктің белгісі! Семіп қалған тершіл еңбектің бір ырғаққа түсуі – тектіліктің белгісі! Ондаған жылдар мұғдарында берекені кетірген белден басулардан әбден ығырданы шыққан жұрттың енді бүгін «Тәңірім, әділеттілік жолынан адастыра көрмесе екен» деп, жатпай-тұрмай  елдігіміздің ертеңін тілеуін жаныңыз алаулай ұғасыз!

Бұған дейін де небір басыңа бақыт қондырар бағдарлама, бағыт-мұраттар алақайлай ұрандатылғанын білесіздер. Барақат тапқанын көрмедік. Жыл аспай аты да, заты да сағымға сіңіп кете барған. Содан шайлыққан жүрек, қалған көңіл қалай алаңдамасын?! Сөйтесіз де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мен халқымның ертең емес, бүгін жақсы тұрғанын қалаймын» деп жария әйгілеген бұрнағы жылғы сөзін еске аласыз. Содан қанаттанып барып Балпық бидің: «Басшың әділ болса – жердің беті жұмақ, басшың әділетсіз болса – жердің асты жұмақ» деген қанатты лебізіне жүгінесіз! Тұрлаулы да түбегейлі реформаларды індете мемлекет мүддесін, халық абыройын әлемдік деңгейде қорғай  білер басшыңның болғандығына мың шүкір дейсіз! Кеше ғана 100 жылдығын ел-жұрты естен кетпестей атап өткен классик жазушымыз Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінің детектив саласының көшбасшысы болса, адал перзентінің планетарлық деңгейдегі сұңғыла саясаткер тұғырына еркін қонғандығын көріп, кеудеңізді қуаныш толқыны кернейді!

Жоғарыда меңзегеніміздей, Президентіміздің бұл Жолдауы бұған дейінгілерінің өзектес жалғасы. «Ақыл алтау, ой жетеу» дейміз.  Ендеше, ақылдың қазанында қайнап шыққан қадірлі қағидаттарды ой тереңінде саралай санаға сіңірудің мәні зор. Бұған дейінгідей ауыл-ауылдың шаңын шығара шапқылай талқылайтын заман жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер күш-құдіретінің өзі жетіп, артылады бұл ретте.

Бәрі қажет! Жолдаудың әр жолы қымбат. Саяси-әлеуметтік реформалардың бет-жүзі айқындалып, жұртшылық  жемісін көре де бастады. Бұқараның саяси бейпілдігі санаға иек артты. Құрыққа сырық жалғайтын емес, құлықпен ғұрып талғайтын мезгіл туғанын тура жолдағылар түйсінді. Келешек туралы көп көпіргенше көп шаруа тындырудың, дұшпанға түйінуден гөрі досқа сүйінудің ғажаптығын ұғындық. Қоғамдағы шоқты дереу сөндіре алсақ,  өрттің түсімізге енбейтіндігіне көзіміз жетті. Жолдаудың мына бір жолдары сөзіміздің айғағы: «Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.

Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды. Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет».

Жолдаудағы дамудың серпінді кезеңіне көшудің басты ұстанымдары шымыр да шынайы. Ауқымды да терең ізденістерге кеңінен мүмкіндік берілмек. Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, импортқа тәуелділікті азайту, отандық өнеркәсіп үлесін 60 пайызға жеткізу, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, білім беру мен қатыгездіктен қорғау, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға басымдық беру, аймақтарды дамыту, қорша­ған ортаны қорғау, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу, экологиялық қауіпсіздік, АЭС салу, я салмау, "Самұрық-Қазына" қорының бейінді емес активтерінің толықтай  жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі, салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту, азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеру, «Жасыл энергетикаға» басымдық беру, Су ресурстары және ирригация мен Көлік министрліктерін құру, банк жүйелерін халықтық мүдде тұрғысында қайта құру секілді бағыттардағы Президентіміздің ұсыныстары мен тапсырмалары өзекті де өтімді. 

Мемлекет басшысының: «Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді. Сондықтан, ең алдымен, оның өзін өзгерту қажет. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалуын бақылау және бағалау жұмысын да қайта қарауымыз керек. Бұл – жұртшылықтың сұранысы. Басқаша айтқанда, қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары» деп шегелеп бергені нысанаға дөп тиді! Өйткені, ел көлеміндегі елеулі өзгерістердің жедел орнығуы түрлі деңгейдегі атқарушы билік тармақтары белсенділігіне тікелей байланысты екендігін Жетісу жері мысалынан да айқын аңғарып отырмыз. Билік буындарына  жаңалыққа жаны іңкәр білікті жастар тағайындалуда, я сайлануда. Қатаң бақылау мен әділетті бағалаудың арқасында аймақтың барлық саласында  бірдей ілгерілеушілік іздері менмұндалап тұр. Облыс әкімдігінің алғашқы жарты жылдықтың қорытындысына арналған жиынына қатысқан едім.  Сол жолы көңіл көншітер көп өзгерістерді көзбен көріп, құлақпен естідік! Облыс әкімі өз сөзінде аудан, қалалардағы соңғы кездесулерде бұрынғыдай тұрғын үй, күнкөріс жайттары мүлдем аз көтеріліп, керісінше, өзара азаматтық және мәдени мәселелердің алға тартылатындығын тілге тиек етті. Міне, бұл құлағы түрік мемлекеттің айшықты да шарапатты шаруаларының жемісі! Қалай қуанбассыз бұған!

Бәрінен де қажеті! Президентіміз: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады» деп атап өтуі аса маңызды дер едік. Ең бастысы да осы. Ұлттың жаңа сапасы дегеніміз – ұлттың ұйысып, ұлттық құндылықтарды қастерлей отыра Ұлы Отанымызды, қасиетті жерімізді шексіз сүюі! Абай хакім «Адамшылық алды ­– махаббат» деп текке аманаттап кетпеген! Асыл мұраты, туған халқына құрмет-қошеметі,  айтар ойы жоқ жандар, мемлекетті айтасыз, өзіне өзі сенбейді. Сенім жоқ жерде басы алтын бастамаңыз да өрге баспайды. Демек, еліміздің қазіргідей алымды да аршынды, айшуақ кезеңінде басшымыз да, қосшымыз да ұлттық ұстыны,  қазақы таным-түйсігі, жалтармас жады қалыптасқан бірегейлер болуы шарт! Осы өрістен табыла алсақ қана «Әділетті Қазақстанның» айбынды ақ кемесі әлем айдынында өкпесі өшпей өрлей бермек!

Әміре ӘРІН,
Қазақстан Журналистикасы академиясының академигі