"Бұл деген нонсенс": Аймағамбетов медицина саласындағы былықты жайып салды

Уақыты: 09.10.2023
Оқылды: 3022
Бөлім: САЯСАТ

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медициналық сақтандыру жүйесін сынап, халықтың осы жүйеге қатысты шағымын жеткізді. 

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы  Stan.kz ақпарат агенттігі дерегіне сүйеніп хабарлайды.

Аймағамбетов Үкімет сағатында медициналық сақтандыру жүйесіне "реформа сəтті іске аспаған" деп баға берді. 

“2020 жылдан бастап елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген. Үміт қандай болды? Бұл реформа денсаулық саласын тез арада жақсартып, оның қолжетімділігі мен сапасын əлдеқайда арттырады ма? Жылдар өтті, казақстандықтар ай сайын қорға жарнасын төлеуде, бірақ сол үміт ақталды ма? Қызмет сапасы жоспарға сай артты ма?”,- деді Аймағамбетов. 

Депутаттың айтуынша, өңірлерге барғанда проблемалар толық шешілмегені белгілі болған.

"Медициналық көмектің сапасынан бұрын біз қазіргі уақытта оның қарапайым қолжетімділігіне зəру болып қалдық. Осыған орай, неге бұл реформа сəтті іске аспады жəне енді не істеу керек деген сұрақтарға жауабымызды беруге тырысайық", - дейді ол.

Аймағамбетов "Шектік" шкала азаматтарымыздың бейін бойынша мамандарға көріну үшін де қиындық əкелетінін жеткізді. 

"Ауруханаға келген науқасқа "шектік" шкала шеңберінде осы айда ақша таусылды деп, келесі айларды күту керек" деп түсіндіру де нонсенс. Соның салдарынан халық тарапынан шағым көп түседі. Науқастар бір ай терапевтті күтеді, кейін тағы бір ай бейін бойынша дəрігерді, одан кейін тағы да терапевтке жазылып оны тағы да күтуге мəжбүр. Сөйтіп жүріп, өз қалталарынан төлеп емделеді”, - деп айтты ол.

Депутат атап өткендей, дайындықсыз қабылданған шешімнің кесірінен, мыңдаған адам уақытылы қызмет ала алмай жүр. 

“Нақты мысал. Осы "шектік" шкала шұғыл медициналық көмекке де тиесілі болып, ауруханалар травматологияға жедел түскен науқастарды тек қана бекітілген квотаға сəйкес алу керек болды. Ал егер олар көп түссе, бекітілген "шектік" шкаладан көп түскендер үшін ауруханаларға қаражат төленбейтін болды. Осылайша шұғыл көмек көрсетуге лимит қойылған. Бұл деген нонсенс!” – деді депутат Мәжілісте.

Осыған байланысты, депутаттар бірінші кезеңде "Шектік" шкаланы жетілдіріп, мекемелерге өз бюджетінің шеңберінде қаражаттарын жылжыту мүмкіндігін беру керек. Одан кейін цифрландыруды жолға қойып, тіпті "шектік" шкаланы алып тастау керек деп санайды.

Аймағамбетовтің айтуынша, ең қолайлысы - кезең-кезеңмен жартылай "қор ұстау" тетігіне келу мүмкіндігін қарастыру.

Фото: ашық дереккөзден алынды