"Парламентке дейін 7-8 есе жоғары еді". Бақытжан Базарбек депутат болғанға дейінгі табысы туралы айтты

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 938
Бөлім: САЯСАТ

Депутат Бақытжан Базарбек Massaget TV YouTube арнасына берген сұхбатында Парламентке келмес бұрын жалақысы бірнеше есе жоғары болғанын айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Massaget.kz сайтының ақпаратына сүйеніп.

Бақытжан Базарбек депутат болмай тұрып, заңгер ретінде қазіргі жалақысынан бірнеше есе көп табыс тапқанын айтады. Оның үстіне депутаттыққа дейін еркін болғанын жеткізді.

"Парламент Мәжілісіне келгенім комфорт зонадан шыққанмен тең деп есептеймін. Себебі Парламентке дейін менде бостандық болды, ешкім маған үстімнен былай-былай деп айта алмайтын, қоқан-лоқы жасай алмайтын, ешкімге бағынбайтынмын, регламентім болған жоқ. Шетелде демалып, кетіп қалуға мүмкіндігім болатын. Содан кейін табысым заңгер ретінде қазіргі Парламенттен 7-8 есе жоғары еді. Себебі мен ең даулы, үлкен, халықтың наразылығын көтеретін жер мәселелерімен айналысқанмын. Сотта қорғағанмын. Мен Парламентке идея үшін келдім. Себебі бір күні бәріміз бұл жалған дүниеден кетеміз. Артымызда дүние, жақсы ат қалдырып кетуіміз керек", - дейді ол.

Депутаттың сөзінше, оның бұл қызметке келуіне жұбайы да қарсы болған. Дегенмен депутат болу оның көп жылғы арманы екен.

"Парламентке келуіме үлкен қарсылық тудырған - әйелім. Ол маған "біріншіден, Астанаға көшу керек, екіншіден, айлығын білесің ғой, 800-900 мың, сен заңгер болып сотта қорғай алмайсың" деді. "5 жыл шыдашы, 5 жылдан кейін заңға тиісті өзгерістер енгізейін" дедім. Өзгерістер енгізгеннен кейін жүрегім тыныш. Себебі студент кезден арманым бар еді: не Жоғары соттың судьясы болу немесе Парламент Мәжілісінің депутаты болу. Судья болып шынайы сот төрелігін іске асыру, халықтың сүйіспеншілігіне ие болу немесе халық үшін жақсы заң қалдырып кету. Сондай арманмен жүріп келдім, сол арманға жеттім. Жолдасым енді ғана кішкене сенген сияқты", - дейді Бақытжан Базарбек.

Фото: видеодан алынған кадр