Бүкіл қоғаммен ашық диалогқа шыққандай әсер қалдыра алды – Аида Балаева

Уақыты: 04.01.2024
Оқылды: 2113
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты қоғамда қызу талқыға түсуде. Белгілі саясаткерлер саяси бағыттағы өткір тұстарына үңілсе, экономистер 2029 жылға дейінгі мемлекеттік меженің  мүмкіндік жайы мен инвестиция тартуға қатысты заңдық қадамдар жасалып жатқанын алға тартады. Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида БАЛАЕВА бұл сұхбаттың қоғаммен ашық диалогқа шыққандай әсер қалдырғанын атаған.  

Министр әуелі көлемді сұхбаттың билік пен қоғамға терең ой салғанын, елдің алдында тұрған маңызды міндеттерді саралауға, өткеннен сабақ алып, қателіктен арылуға үндеуінің артында үлкен мән жатқанына тоқталады. Бұдан әрі жүйе өміршеңдігінің сыры мен Мемлекет басшысы қойып отырған талаптар жайлы тоқталған.

"Президенттің ашықтығы, оның ішінде қоғамның жарқын болашаққа деген қазіргі ұмтылыстары мен мәселелерін терең түсіне білуі, талай жылдан бері қордаланып қалған күрмеуі қиын проблемаларды шешу жолындағы қабылдаған реформаларының мақсаты биік екені аңғарылады. Өйткені жылдар бойы елеп-екшеленіп, прагматикалық, стратегиялық тұрғыда әбден ойластырылуының өзі жеті рет өлшеніп барып қолданысқа енгізілген жүйенің өміршеңдігін, бірегейлігін көрсетеді.  
Әңгіме барысында Президент қоғамдағы өткір мәселелер мен толғандырған сауалдарға нақты жауап берген. Соның ішінде Қаңтар оқиғасы мен ел аузында айтылып келген қосбилік тақырыбынан бастап Президенттік мансабының алғашқы кезеңдері, АЭС құрылысы мен «саяси тұтқындар» туралы да егжей-тегжейлі жауап берді.
Қоғам өз сұрақтарына, оның ішінде әлеуметтік желілерде де үнемі көтеріліп отыратын тақырыптарға қатысты сауалдарына жан-жақты жауап алып қана қоймай, Мемлекет басшысының қазақстандықтардың өмірін жарқын жаққа өзгертуге деген шынайы ниетін, негізгі мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезіндегі адал уәжіне куә болып отыр. Шындығында бұл Президенттің Диқан Қамзабекұлына берген жауабы бүкіл қоғаммен ашық диалогқа шыққандай әсер қалдыра алды.
Сонымен қатар, сұхбат барысында халықты толғандырған сауалдарға жауап қана емес, жаңа жылда атқарылуға тиіс маңызды міндеттердің ойдағыдай атқарылуы әрқайсымызға байланысты екеніне де тоқталды. «Біріккен жүз, бытыраңқы мыңды алады» деп ата-бабаларымыз айтқандай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ортақ міндетті орындауға жұмылған халықтың ертеңі жарқын боларына сенім мол. Бұл орайда Президент биыл біз қозғалатын бағытты анықтап қана қоймай, бізге стратегиялық ұлттық бағдарларды сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту, ұлтты көтерудегі күш-жігерді шоғырландыру бойынша ұзақ мерзімді мақсаттарды қойып отыр.
Президент айтқан әрбір сөзбен толық келісемін. Себебі болашақ бағдарымыздың бағамды болуы біздің бүгінгі іс-әрекетімізге тікелей байланысты екенін есте ұстаудың маңызы зор. Прогрессивті ұлт ретінде біз бірлік, ынтымақтастық, өзара қолдау, адалдық, қарапайымдылық сияқты жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде алға қарап, бірігуіміз керек. Шындығы сол, қоғамның алға жылжуы мен мемлекеттің орнықты дамуы адал еңбек, терең білім және креативті ойлаудың күшімен келетінін мойындауға тиіспіз. Биікке ұмтылатын бүгінгі қоғамның кез келген мүшесі өмірге прагматизммен және реализммен қарауды үйрену қажет.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы тәртіпке бағынған құл болмайтынын тағы да айтып кетті. Сондықтан «заң және тәртіп» қағидатын нығайтуды жақтайтынын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдайтынын ерекше жеткізді. Біздің әрқайсымыз заңсыздық пен қатыгездікке үзілді-кесілді және бірауыздан қарсы тұрып, кез-келген нормалар мен ережелерді бұзудан, жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтемеуден бас тартқанда ғана әділетті қоғам орнатып, елдің өркендеуіне даңғыл жолды салуға азаматтық үлес қосқан болар едік. Осы ережелердің барлығын ұстану арқылы ғана біз ұлттың жаңа сапасын тәрбиелеп, қалыптастыра аламыз. Міне, бұл біз атқаруға тиіс негізгі нұсқаулыққа айналғанда ғана шынайы мұратқа қол жеткіземіз деп сенемін.
Осы қағидалар мен құндылықтарды сақтау арқылы ғана біз ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлтымыздың ұлылығын дәлелдей аламыз", - дейді Аида Балаева.

Сурет: jjtv.kz