Америка елшісімен кездесуде екі жақты байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды

Уақыты: 12.03.2024
Оқылды: 554
Бөлім: САЯСАТ

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблюм бастаған делегациямен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Америкалық ресми қонақтарға жылы ілтипат білдірген Ә. Қанағатов бұған дейін де АҚШ өкілдерімен болған ресми кездесулердің жалғасы ретінде бұл жүздесудің екі жақты әріптестік байланыстарды нығайтуға ықпалы болатынына сенім білдірді. Облыс экономикасындағы басым бағыттар, инвестициялық мүмкіндіктер жайлы баяндады. Сол сияқты америкалық қонақтардың осы жолғы жұмыс сапары негізінен білім беру саласына бағытталғандықтан, бұл салада да өзара білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.

Өз кезегінде Дэниел Розенблюм мырза жетісулық студенттерге АҚШ-тың білім гранттарын беру, сол сияқты іскер әйелдерге қолдау көрсету жағынан байланысты жандандыру туралы сөз қозғады. Облыстың инвестициялық мүмкіндігі жайлы мәліметтердің АҚШ инвесторлары үшін пайдалы болатынын айтты.   

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев білім беру, денсаулық сақтау, ІТ салаларына маман даярлауда әріптестік байланыс орнатудың мүмкіндіктері туралы баяндады. Ал Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды терең өңдеу, яғни қалдықсыз өңдеу ісіне инвестиция салатын компаниялар болса, заң шеңберінде жер учаскесін бөлу, инфрақұрылым жүргізу сияқты нақты қолдаулар көрсетілетінін жеткізді.

Қос қарап та айтылған сүбелі әңгімелердің негізінде екі жақты байланыстардың жаңа көкжиегіне жол ашылатынына сенім білдірісті.  

Еске салсақ, бүгін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм бастаған ресми делегация Жетісу облысына келген жұмыс сапары барысында  І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде халықаралық қатынастар бағытында оқитын студенттермен кездесу өткізіп, бұдан кейін Көксу ауданы Жарлыөзек ауылында америкалық грант бағдарламасымен ашылған «Ochaq» тұрақты даму орталығында болды.  

 Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай