Талдықорғандағы петроглифтерді талқандады деген «Темир» карьерінің жұмысы тоқтатылды

Уақыты: 10.04.2024
Оқылды: 538
Бөлім: САЯСАТ

«Темир» карьеріне баратын грунттық жолды салу кезінде археологиялық қорғандарға қатер төнгені ел ішінде қызу талқыға түскен еді. Дегенмен облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың араласуымен ескерткіштерге зиян тигізетін жұмыс түрлері тоқтатылды.

Көпке аян, былтыр «Темирбетон» ЖШС қарасты карьердің кесірінен мәдени мұрамыз талқандалып жатқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде желдей ескен еді.  Осы ретте тарихи объектілерді  сақтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, облыстық қоғамдық даму басқарамасының басшысы Бауыржан Абибеков және қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков журналистерге баяндады.

«2023 жылғы 5 желтоқсанда Қызылтастағы петроглифтер және «Тасбақа» деп аталып кеткен табиғи тасқа байланысты мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы келіп зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жиын өткізді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған арнайы жұмыс тобының ақпараты негізінде комиссия ұсыныстарына сүйене отырып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы анықталған петроглифтерді басқа жерге көшіруге келісім берді», деді Ж.Андабеков.

Оның айтуынша, Қызылтас саяжайындағы «Темир» карьеріндегі жарылыс жұмыстары толығымен тоқтатылған. Ал Қуаныш Сұлтанұлының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта сондағы петроглифтер мемлекет қорғауына алынады.

«Облыста бітік тастар мен ежелгі қорымдардың үлкен шоғыры бар.  Бүгінде ғылыми негізделіп, тарихи мұралар тізіміне енген табиғи нысандар туристердің көзайымына айналып отыр. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінен 51 петроглиф мемлекет қорғауына алынған. Қызылтас петроглифтері де сол қатарға қосылады», деді Қ.Сүлеймеов.

 Осы мәселе төңірегінде жүрген азаматтар арнайы кездесіп, археологиялық ескерткіштерді сақтау бойынша өзара ынтымақтастық орнатуға бел байлаған. Ел депутаттары да карьер мәселесін шешуге жәрдемдесетін болады.

Аталған кәсіпорын бұрын пайдаланылған карьер мерзімін ұзарту туралы құжаттарын қалпына келтіру үшін сотқа арыз берді. Сот шешімі шыққанға дейін барлық жұмыс тоқтатылды.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Фото:aikyn.kz-тен алынды