Елордаға арналды

Уақыты: 06.07.2018
Оқылды: 1312
Бөлім: САЯСАТ

Бас шаһардың басына бақ қонғалы бұқараның көңілі күпті болған емес. Керісінше, жаңарудың жасампаз жолына түскендейміз. Содан ба, еңселі Елордамыздың туған күні жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып келеді.  Мұны дәстүрге айналған тағылым десе де болады. Соның бірі – «Арман қала – Астана» атты Вена балы.

Вена вальсін орындаған 30-дан астам жұп би дәстүрі бойынша арнайы киім үлгісінде Талдықорған қаласының «Атамекен» мейрамханасында өз өнерлерін көрсетті. Би кешінде әсем әуенмен әрленген тамаша дебютанттар ретінде колледж және ЖОО студенттері дөңгелене вальс билеп шықты. Классикалық музыка, үлде мен бүлдеге оранған арулар мен смокинг киген жігіттер салтанаттың сәнін келтірді. Жауған қардай аппақ көйлек киген қыздар мен жігіттердің қара костюмдері, әдемі әуен, бөлменің әзірленуі сол замандағы балдардың бірінде жүргендей әсер қалдырады.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жалынды жастар мен олардың ата-аналарын мерейлі мерекемен құттықтады.
– Астана, ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мекені және асқақ армандар мен биік мақсаттардың алтын кілті дер едім. Болашағын елордамыз Астанамен байланыстырған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады: бірі – ғылым-білімге деген, келесісі – жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Сіздер сияқты жастар үшін махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті. Бұл жоба ең алдымен білім беру мен тәрбие жұмысына бағытталған. Жастар білімге көп көңіл бөліп, білімнің тереңіне бойлау қажет. Еліміздің ертеңі білімді, белсенді жастар қолында. Мемлекетіміздің болашағы сіздерге байланысты, – деді Жақсылық Мұқашұлы. 
Шараның негізгі мақсаты – классикалық бал мәдениетін және жастар шығармашылығын дамыту. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануына ықпал ету, жат мінездердің алдын алу. Сондай-ақ, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру.
Мыңнан аса жігіт пен қыздар арасынан іріктелген жұптар вальс әуенімен қалықтап, мың бұрала билегенде жиналған қауымның көңілі шарықтады. Бейне бір өткен ғасырдағы тамаша кезеңге саяхаттағандай болдық. 
Дебютанттар полонез, вальс, полька билерін орындау барысында өз шеберліктерін көрсетті. Әрине, бұл арада жарасымды жұптардың биіндегі іс-қимылдардың өте жоғары, кәсіби деңгейде орындалғандығын айта кету керек. Бұл, біріншіден, хореограф Денис Клиннің ерен еңбегі болса, екіншіден, студенттердің биік талап дәрежесінен көріне білуі.
Дәстүрлі Вена балында болып, көз алдыңда өтіп жатқан осындай кереметтерді көргеннен кейін нағыз сұлулықты жан дүниеңмен сезіне түскендей боласың. Жарасымын тапқан әсемдік пен әдемі әуенде неткен ұлы мағына жатыр десеңізші! Оған қоса сұлулық  құрбандықты талап ететінін де ұмытпау керек.
Өткізілген іс-шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының сіңірген еңбегі айтпаса да көрініп тұр. Қысқасы, бұл – «сахна сыртында» қалып қойған нағыз өз мамандарының шеберлері дайындаған, бірігіп ұжым арқасында жүзеге асқан керемет кеш.
Шара соңында жеңімпаздар анықталды. «Ханзада» мәртебесін Идрис Усенов иеленсе, «Ханшайым» тәжін Аида Байразова киді.
Бал биін билеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін «би патшасы». Қазіргі жастар өркениет көшінен қалыспай, әлемдік өнер түрін игергеніне біз шын жүректен қуанамыз.

Мұхтар КҮМІСБЕК