МИНИСТР: "НАН БАҒАСЫ КӨТЕРІЛМЕЙДІ"

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 1074
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз коференциясында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан ОМАРОВ нан бағасының ауытқу ықтималдығы туралы айтып берді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда баға бағдарланатын екі түрлі нан бар. Оның бірі жоғарғы сортты, екіншісі бірінші сортты ұннан пісірілетін нан. «Мониторинг пен реттеу жүргізілетін, әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары тізіміне барлық нан емес, тек бірінші сортты ұннан пісірілетін нан ғана жатады. Бүгінде нан бағасы өзіміз көріп отырғандай, бір бөлкесі үшін 75-78 теңгені құрайды. Жоғары сортты ұннан пісірілген нан 134–142 теңге тұрады. Қазіргі таңда нан бағасы күрт көтеріледі деген алаңдаушылық тудыратын жағдайлар жоқ», – деді С. Омаров.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2015 жылы Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен нан бағасын реттеуден бас тартуға қолдау білдірілді. 2016 жылғы бағамен салыстырғанда, 2019 жылы әлеуметтік нан бағасы 6 теңгеге өскен. Астық бағасы өсіп келеді, бірақ бұл орайда астық бағасының нанның өзіндік құнындағы үлесі 50 пайыз құрайтынын ескеру керек, ал қалғаны жанар-жағармай, жалақы, электр энергиясы, әкімшілік және басқа да шығындар. Сонымен қатар, өңірлердегі әкімдіктер тұрғындарға арналған әлеуметтік маңызы бар тауарларға деген бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдауда. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі белсенді қолданылып келеді. Оларға бірқатар тауар түрлері сатып алынуда.

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 3,1 млрд теңге көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға бағыттай алады.

Министрдің айтуынша, өткен жылдың соңынан 2019-дың басына дейін өңірде астық бағасының оң өсімі байқалды, сұраныс та артты. Үш класты бидайдың бір тоннасының бағасы 75 мың теңгеге дейін жетті. Бұл бізде, Орта Азияда және жалпы әлемдік нарықта бағаның өзгеруімен байланысты болды.

– Соңғы екі аптада біз ішкі және экспорттық нарықтарда астық бағасының өсуінің төмендеуін байқап отырмыз. Соның салдарынан 3 класты бидайдың бір тоннасы үшін сапасына қарай баға 65–67 мың теңгеге дейін төмендеді, – деді ол.

Бұл астық қолхаттарымен жасалатын мәмілелердің 100%-ы дерлік тіркелетін Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік тізіліміндегі сауда-саттық деректері бойынша да расталып отыр. С.Омаров айтқандай, қазіргі уақытта республикада ресми статистикаға және әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес 10,5 млн тоннаға жуық астық бар, оның ішінде лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында 3,7 млн тонна, ұн тарту кәсіпорындарда 462 мың тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 6,3 млн тонна астық сақталуда.  

Көрсетілген деректер Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік тізілімі порталындағы есептіліктермен расталады, онда онлайн режимінде астық қолхаттарын шығару құқығына ие, лицензиясы бар барлық астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысын бақылап отыруға болады. «Есептік мәліметтер бойынша, қолда бар астық көлемі экспорттың жоспарлы көрсеткіштерін қамтамасыз ету және елдің ішкі сұранысын қамту үшін жеткілікті. Қазіргі кезде 8,3 млн тонна бидай бар. Оның 690 мың тоннасы азық-түлік қажеттіліктеріне, 1,6 млн тоннасы тұқымдық мақсатқа, 730 мың тоннасы жемдік астыққа, 128 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге жұмсалатын болады», – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Бұл орайда, ағымдағы маркетингтік жылдың соңына дейін экспортқа 2,2 млн тонна астық жөнелтуді жоспарланып отыр, осы сәтке дейін 6,7 млн тонна астық тиелді. Нәтижесінде, келесі жылға ауысатын қалдық ретінде 2,9 млн тонна қалады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"