ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МӘЛІМДЕМЕСІ: АЗАМАТҚА МЫҢ АЛҒЫС

Уақыты: 20.03.2019
Оқылды: 2338
Бөлім: САЯСАТ

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халық үшін аянбай еңбек етті, тер төкті. Біз ойламақ түгілі армандамаған мықты мемлекет құрды. Сондықтан да біз ол кісіні құрметтеуге, сыйлауға, ардақтауға міндеттіміз.

Қазақта хан сайлап, ақ киізге отырғызу салты бар. Ақ киіз төселіп, екі құрметті ақсақал ханды киізге отырғызған. Міне, осы салтты Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш Президент болып сайланып жазиралы Жаркент өңіріне келгенде мен жасаған едім. Аналық ақ тілегімізді, батамызды арнадық. Жаратқан көпшілігіміздің ниетіміз бен тілегімізді қабыл етіп, қазақтың маңдайына біткен азаматтың елі үшін еңбек етуін нәсіп етті.

Отыз жылға жуық ел басқарып, түн ұйқысын төрт бөліп, ел болашағына қатты алаңдады. Қасиетті қазақ жерін, киелі мекенін әлемге таныту жолында аянып қалмады. Жылағанды жұбатып, сүрінгенді демеп, жоғымызды бар етіп, өлгенімізді тірілтті. Ұмыт болған тарихымызды сөйлетті. Мемлекет үшін бұдан артық бақыт та, байлық та керек емес. Елі үшін ерлік жасаған азамат бұқара халықтың да, Алланың да алдында таза деп ойлаймын.

Тұңғыш Президент білімділігі мен біліктілігінің нәтижесінде жалынды жастарымызға ақ жол ашты. Шет ел асып білім алған жастарға тілекші болып, үйде тақым қысып отырамыз. Ел абыройын асырып, Көк Туымызды желбіретіп, асқақ Гимнімізді шырқатып, «МЕН ҚАЗАҚПЫН!» деп жалпақ жұртқа кеудемізді мақтаныш кернеп жар салатындай дәрежеге жеткенімізге мың да бір шүкір.

Ел үшін туған азамат деп айтуға тұрарлық тұлға – Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Осындай арда азаматты дүниеге алып келген асқар таудай әкесі мен аяулы анасына алғыс айтамын. Қазақтай дарқан халықтың маңдайына біткен текті ұрпақтан айналдым. Болашақта көрер қызығы көп, аман болсын. Еліміз аман, тыныш заман болса деген аналық тілегім бар.

Күләш АЙТЖАНОВА,
Еңбек Ері