"ЖЕТКІЗЕМІН": ПРЕЗИДЕНТТІҢ КӨМЕКШІСІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 25.10.2019
Оқылды: 1122
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмекшісі – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, жүзден астам тұрғынды толғандырған мәселелерді тыңдады.

Айтылған пікірлердің арасында бір отбасыдан бастап, күллі жұртшылықты алаңдатқан өзекті мәселелер бар. Әсіресе, ауыл тұрғындары республикалық, облыстық деңгейдегі автожолдың бойында кісі өлімінің жиі орын алатынына алаңдайтынын, қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындардың бейқамдығына наразы екендігін жасырып қала алмады.

Қоғамдық қабылдау кезінде тұрғындар аудан орталықтарындағы кей көшелердің асфальтталмағаны, зейнеткерлерді емдеудің жолдарын жүйелендіру керектігін, кәріз жүйелерінен шыққан жағымсыз иістің көршілерді мазалайтынын, жүгері өсірушілерге берілетін субсидияның тек өнім алған соң ғана тиетінін, ауылшаруашылық техникасын лизингпен алудың тиімсіздігін, Қапшағайда салынған жаңа зауыттың ашылмай тұрғанын, КСРО кезінде жинақ кітапшасында жинақталған сомалардың қайтарылмай қалғанын, қылмыстық істі тергеуді қолға алған тергеушілердің жиі ауысатынын, сол арқылы шағымданушы арызының аяқсыз қалатынын, жұмыссыздықтың статистикалық көрсеткіші нақты деректермен сәйкеспейтінін, мүгедек балалардың білім алуына берілетін көмектер мен мүмкіндіктердің жүйеленбегенін айтқан тұрғындардың сөзіне байланысты жауапты мамандарды орнынан тұрғызған Аида Ғалымқызы өтініштердің ҚР Президент әкімшілігіне жеткізетінін атап өтті.

- Осы айтылған тілектеріңіз бен талаптарыңыз протоколға кіргізіліп жатыр. Соған байланысты барлық мәселелерді қажетті деңгейде қарастыратын салалардың басшыларына жеткіземін. Сол арқылы барлық мәселе заң аясында шешіледі деп сенемін, – деген Аида Балаева әрбір тұрғынға лайықты жауап беріп, мәселені шешу жолдарын  ұғындырып отырды. – Кез келген мәселенің дұрыс шешіліп, тұрғындар үшін тиімді қалыптасуы үшін мемлекеттік билік пен қоғамдық ұйымдар бірлескенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Ол үшін кемшін түсіп, олқы соғып жатқан мәселелерді ашып жеткізу – баршаның басты міндеті. Яғни, әрбір тұрғын мемлекеттің дұрыс дамуына жариялылықпен, ашықтықпен үлес қоса алады. Елімізде осы бағыттағы шаралар қолға алынып, әрбір өңірде Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандануда. Ең бастысы, билік пен қоғамдық ұйымдар бірлесе, кеңесе қадам басқанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізетінін ұмытпауымыз керек. Менің бүгінгі сапарым да осыған негізделген.

Таңнан кешке дейін жалғасқан қоғамдық қабылдауда барлығы 106 адам ҚР Президентінің көмекшісінен қолдау тауып, көтерген мәселесінің жауабын алып қайтты. Дегенмен, айтылған пікірлердің басым бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмек сұраудан тұрды. Ондай сауалдарға заң шеңберінде жауап берген Аида Балаева үйдің кезегі сақталатынын жеткізді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы