"КЕМШІЛІКТЕР ЖІБЕРГЕН": ПРЕЗИДЕНТ ТАРАЗДАҒЫ АЗҒЫНДЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ

Уақыты: 22.11.2019
Оқылды: 956
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатуды тапсырды.

«Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым», - деп жазды Мемлекет басшысы "Twitter" парақшасына.

Еске сала кетсек, полицейлер 15 қарашада Тараз қаласында кәмелетке толмаған қызды зорлаған 38 жастағы күдіктіні ұстады. Оқушы қызды зорлау оқиғасы мектеп әжетханасында болған. Осы оқиғадан кейін Жамбыл облысындағы барлық білім ордаларындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ал зардап шеккен оқушы ауруханаға жатқызылды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі оқиға болған мектеп директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәні мұғалімі және вахтердің қызметінен босатылғанын жеткізді. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова өз еркімен жұмыстан кетіп, бірқатар жауапты полиция қызметкерлеріне қатаң сөгіс беріліп, учаскелік инспектор ішкі істер органдарынан шығарылған.

"ҚАЗАҚПАРАТ"