Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"МЕГАПОЛИС ҚЫЛАМЫЗ": ЕЛБАСЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫН ТҮРКІСТАНҒА ШАҚЫРДЫ

Уақыты: 30.11.2019
Оқылды: 237
Бөлім: САЯСАТ

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ташкенттегі Орталық Азия Мемлекет басшыларымен консультативтік кездесуде бірнеше ұсыныс айтты. Бұл туралы "Қазақпарат" тілшісі хабарлады.

Атап айтқанда, Елбасы «ХХІ ғасырдағы Орталық Азияны дамыту мақсатында тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартты» бесжақты форматта жасауды ұсынды. «Бұл іргелі саяси құжатта біздің өзара іс-қимылымыздың негізгі қағидаттары мен мақсаттары көрсетілуі керек. Келісімге еліміздің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу туралы ережелер енеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы аймақтағы қауіпсіздікті нығайту мақсатында келесі жылы Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік Кеңесі хатшыларының кездесуін өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президенті қатысушы елдердің Үкіметтерін демографияның жоғары динамикасына байланысты проблемаларға назар аударуға шақырды.

- Тауарлардың, қызметтердің және капиталдың қозғалысына шектеу қоятын кедергілерді алып тастау арқылы кедергісіз Орталық Азияны құруға қол жеткізу керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы барлық Мемлекет басшыларын жаңа мереке - 15 наурызды Орталық Азия күні ретінде белгілеуге шақырды. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды. Мәселен, осы бағыт аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орындарында білім алу құқығын бере отырып, аймақтың әр елінен келген студенттерге 10 грант бөлуді ұсынды.

- Түркі әлемінің бесігі - Түркістан қаласы қайта түлей бастады. Сонымен бірге, ол өзінің мәдени, тарихи және рухани өзегін сақтайтыны сөзсіз. Біз оны ортақ мақтанышымызға айналатын керемет мегаполис қыламыз. Сондықтан, мен Орталық Азияның бауырлас мемлекеттерінің басшыларын келесі жылдың күзінде осы көне қалаға шақырамын, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сөз соңында Елбасы Орталық Азия елдерінің мұраларын кеңейту және тереңдету қажеттігін айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"