"БІР ҰЛТПЫЗ": ПРЕЗИДЕНТ СҰХБАТЫ КӨПШІЛІККЕ ТЕРЕҢ ОЙ САЛДЫ

Уақыты: 04.03.2020
Оқылды: 1296
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Informburo» ақпараттық-сараптамалық порталына орыс тілінде кең көлемді сұхбат берді. Президент сұхбатында қоғамда сілкініс тудырған бірқатар маңызды мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, ұлтаралық келісім, бейбіт митингтер, коронавирус, Еуразиялық Экономикалық Одақ, Ұлттық сенім кеңесі және қоғам белсенділері жайында сауалдар қойылды. Сұхбатта елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері, түптеп келгенде, біртұтас екендігі, бірлігіміз әралуандылықпен бағаланатындығы сөз болды. Сондай-ақ, еліміздегі қай ұлтты болсын, шетелдіктер қазақ ретінде танитындығы, мұны «Қазақстан» деген мемлекет атауының өзі-ақ дәлелдеп тұрғандығы әңгіме өзегіне айналды. "Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар, шындығына келгенде, бір ұлтпыз. Шетелде бізді қазақтар деп таниды. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр", - деді Қ.Тоқаев. Осыған орай аймағымыздың азаматтары пікір білдіріп, Президент сұхбатына үн қосты.

Күшіміз – бірлікте

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси ахуалға байланысты «Informburo» ақпараттық агенттігіне сұхбат берген еді. Ол жерде Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемге тараған індет – коронавирусқа қарсы шараларды күшейтуден бөлек, ұлтаралық қарым-қатынас тұрғысынан да өз ойын білдірді.

«Қазақстанда тұратын бар ұлт өкілдері бір ұлыс болып табылады. Қазақстан – бірлік пен достықтың Отаны. Бұдан былай да солай бола береді», – деген бір ауыз сөзінен оның елде тұратын барлық ұлт өкілдеріне зор құрметі байқалады. Сондай-ақ, ол тонның ішкі бауындай жақындықта өмір сүріп қана қоймай, «Бірлік – әртүрлілікте» деген ұранды ұстануға шақырды.

Мемлекет басшысы әлемдік ғылым мен мәдениетке жол ашқан орыс тілінің тарихи маңызын төмендетпейтіндігін жеткізді. Десе де, қазақ тілінің дамуы маңызды екенін атап өтті. Ол қазақ тілі болашақта ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы тиістігін ерекше атады.

Еліміз әрдайым ғасырлар көшінде жасап, гүлденіп келеді. Соның нәтижесінде қазақ тәуелсіздігін алып, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал оның негізі, түп-тамыры – xалықтың бірлігінде татулығында, біртұтастығында екендігі даусыз. Сондықтан да, елімнің жанашыр патриоты ретінде Қазақстанымның әр жетістігін, әр табысын кеудемді көкке көтере айтуға міндеттімін. Татулық пен ынтымақтың не екенін көріп өскеннен кейін оның жалғастырушысы болу да – біздің азаматтық парыз. Ата-бабаның маңдай терімен, төккен қанымен келген киелі аманатқа тәуелсіз елдің ұландары қиянат жасамайды деп ойлаймын.

Талғат ҚОЙШЫБАЕВ,

Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы

Диалог алаңы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешімі ең оңтайлы бастама болды. Бұл билік өкілдерінің ашық диалогқа дайын екендігінің дәлелі. Өйткені, бүгінде орын алып жатқан әлеуметтік наразылықтар қоғам мен билік арасындағы әлеуметтік келісімді жаңғырту қажеттігін білдіреді. Бүгінде оны жаңалау, өзгешелеу, тұрақтандырудың ресми негізде жасалғаны жақсы емес пе?

Бұл туралы «Informburo» ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында да айтып өтті. Ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жоғары бағалады. Сұхбатта: «Біздің мемлекеттік жүйені реформалау үшін пайдалы ұсыныстар жасауға қабілетті кеңес ретінде өзін жақсы жағынан көрсетті», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Айта кетерлігі, заң шығару процесінде саяси реформалардың алғашқы пакеті іске қосылып, экономикалық салада көп нәрсе жасалғандығы да мәлім. Одан бөлек, жыл аясында сенім кеңесінің қатысуымен реформалар пакеті дайындалмақ. Оған мемлекеттік қызметшілерді тарту да көзделген.

Тағы да айта кетерлігі, бүгінгі қоғамда кез келген әлеуметтік алаң құруға болады. Десе де, құрылған ашық алаңның қоғамға сіңісіп, халық арасында қолдау табуы маңызды. Президент өкімімен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына объективті, конструктивті идеялар айта алатын, оларды іске асыру жөнінде ұсыныстар білдіре алатын адамдар кірді. Кеңесте тек сөзбен ғана емес, іс жүзінде қоғамға пайдасын тигізе алатындығын дәлелдеген, көпшіліктің көңілінен шыққан адамдар жұмыс істеуде.

Осы мәселеге қатысты ел Президенті жақын арада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ротация жарияланып, кеңеске белгілі заңгерлер мен азаматтық белсенділер келетіндігін жеткізді. Осыдан кейін кеңестің жұмысы одан сайын жанданып, халық пен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналатындығы сөзсіз.

Ажар ҚЫДЫРАЛИНА,

«Жігер» үкіметтік емес ұйымының төрайымы