"МИТИНГТЕР МӘЖБҮРЛІК ПЕ, МҮМКІНДІК ПЕ?" ӘМІРЖАН ҚОСАН ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 07.03.2020
Оқылды: 1062
Бөлім: САЯСАТ

Меніңше, митингілер мен шерулер туралы заңнаманы өзгерту бастамасының үш түйткіл тұсы бар. Біріншіден, сонау 90-жылдары, сол кезеңнің жағдаяттарына сай жазылған заңның ескіргені рас. Қазір қоғам да, қоғамдық сана да, қоғамдық белсенділік те мүлдем бөлек. Ал митингілер – сол белсенділіктің іс-қимыл, нақты әрекет ретіндегі көрінісі. Сондықтан заң, сөзсіз, өзгеруі керек және де ол азаматтардың қазіргі қоғамдық-саяси белсенділігінің жоғары деңгейіне сәйкес болуы шарт. Әйтпесе, бұл реформа жартыкеш болып, нәтижесіз болып қалады.

Өз басым Президенттің митингіні өткізуде рұқсат сұрау емес, ескерту тәртібін енгізу идеясын қолдаймын. Ол жалпыадамзаттық құндылықтарға бір қадам болса да жақындай түсу деген сөз.

Әрине, біз, демократтар, өзгерістердің мейлінше шапшаң болғанын қалар едік. Бірақ, сонымен бірге, реалист те болуымыз керек шығар. Оның үстіне, әбден дамыған елдердің өзінде де митингі өткізу ісі әртүрлі заңдармен реттеліп, белгілі бір шектеулер қойылатыны рас. Бірақ ол реттеулер ол елдерде бейбіт түрде өз пікірін білдіруге жиналған жұрттың құқықтарына тыйым салмайды. Бізде де осындай митингілер мәдениетін қалыптастыру керек сияқты. Ол үшін қоғам да, билік те бір-біріне қарай қадам жасауы тиіс деп ойлаймын. Өзгерістердің төңкеріс не қантөгіс арқылы емес, диалог, түсіністік арқылы келгені жақсы. Бізге революциядан гөрі эволюция керек! Мемлекет Тәуелсіздігі, жер тұтастығы секілді іргелі құндылықтарымызға қауіп төндіретін ішкі және сыртқы факторлар бар екенін естен шығаруға болмайды.

Осы орайда екі жаққа – қоғам мен билікке тиесілі жауапкершілік туралы айтқым келеді.

Митинг ұйымдастыру­шылардың өз жауапкершілігі бар. Соның ішінде мен жоғарыда айтқан жалпыұлттық құндылықтарға нұқсан келтірмейтіндей әрекет жасау, тәртіпсіздікке жол бермеу секілді маңызды жайттар. Әйтпесе, кейбіреулер шетелде кофе ішіп отырып, азаматтарды рұқсат етілмеген митингілерге шақырып, арандатып жатады. Мықты болсаң, ел ішінде жүріп бастама көтер, жауапкершілікті мойныңа ал, алдымен өзің митингіге шық, ертеңгі күні жаза тартқандарға көмегіңді бер!

Құқық қорғау органдарының да өз жауапкершілігі бар. Шаш ал десе бас алуға болмайды! Өз басымды митингке қатысушылардың бейбіт жүріс-тұрысы мен оларға қарсы шыққан полицияның қимыл-әрекетінің сәйкессіздігі қинайды. Егер де бейбіт азаматтар (оның ішінде жас та, кәрі де бар) тәртіпті бұзбай, тып-тыныш тұрса, оны күштеп автозакқа жетелеудің қандай қажеті бар?! Мұның бәрі халықтың наразылығын тудырмай ма? Керісінше, полиция митинг кезінде арандатуды болдырмай, оған қатысушыларды әртүрлі заңсыз әрекеттерден қорғауы керек емес пе?

Үшінші түйткіл жалпы қоғамның дамуының бағыттарына, бүгінгіше айтсақ, трендтеріне қатысты. Сөз жоқ, соңғы кезде билік тарапынан елдегі жағдайды түзеуге, демократиялық құндылықтарды орнатуға деген ниет танытылып жатыр. Ондай тенденцияны қолдамасқа болмас. Бірақ, не дегенмен, ескіше өмір сүріп, халықтың белсенділігін құбыжық, өзіне қауіп деп танитын күштер де жоқ емес секілді. Олар митингілер мен шерулерді азаматтық қоғамның құқығы мен мүмкіндігі деп қарамай, жүйенің, жеме-жемге келгенде, өз бастарының, өздерінің жайлы жағдайына ең басты қаупі деп таниды.

Міне, осы заңнаманы талқылауда осы екі күш бір-бірін танытып жатыр.

Өз басым қоғамдағы және биліктегі реформаторлық күштердің жеңетініне нық сенемін. Солай болсын. Солай болады да.

Әміржан ҚОСАН,

саясаткер