"БІРЛІГІМІЗБЕН БИІКПІЗ!" ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫНА ҮН ҚОСТЫ

Уақыты: 08.04.2020
Оқылды: 1784
Бөлім: САЯСАТ

1720 жылы - оба, 1820 жылы - холера, 1920 жылы - испан тұмауы болса, 2020 жылғы коронавирус індеті жер әлемді әуре-сарсаңға салды. Жаһан жаңа белеске аяқ басқан шақта індет көптеген халықтың өз құндылықтарын қайта қарауына, ой елегінен өткізуге себеп болды.

Бұл індетті дана халқымыз ғасырына бір рет қайталанған сынақ деп жатыр. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ.

Біздің қайсар халық не бір зұлмат заманды бастан өткергенде сынбады, керісінше, бірлігі бекемделді, іргесі нығайды, ауырлықты бірге көтерді. «Тар жол тайғақ кешуде» аяғынан табандап тік тұрған ел болса, ол біз едік.

Баба, аталарымыздың өр рухы ғана бүгінгі бейбіт күнге жетуімізге себепші болды. Мемлекет тірегі – халық. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор.

Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі. Әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерін, басқа халықтардың рухани қазыналарын бойымызға сіңіру қанша маңызды болса, біздің әрқайсымыз өзіміздің  терең тамырымыз – туған жеріміз туралы есте ұстап, қай елдің азаматтары екенімізге есеп беруіміз қажет.

Біздің күшіміз-бірлікте. «Мәңгілік ел» болу үшін баршамызға Отанға деген адалдық, бірлік, татулық, үлкен адамгершілік, сабырлық керек. Бұл орайда бізге үлкен жұмыстар жүктеледі. Оны абыроймен атқару біздің басты міндет.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі,

Алматы облыстық қоғамдық кеңес мүшесі,

Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі

* * *

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында мемлекетіміздің түрлі кезеңдегі қиындықтардан қалай шыққаны туралы кеңінен айтылды.

Иә, дүниені дүрбелеңге салған пандемия бүкіл әлемде жаңа экономикалық дағдарыс туғызды. Қауіпті індетке қауқары жетпеген кейбір елдің шеккен зардабын көргенде, кез-келген адамды қорқыныш билейтіні анық.

Елбасы өз сөзінде: «Халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында бұл қиындықты міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ» - деп айтты.

Әрине, өздеріңізде білесіздер, үрей мен қорқыныш – бұл індетке жол ашып береді. Сондықтан, негізсіз алаңдауға болмайды. Сондай-ақ, Елбасы мемлекетіміздің қандайда бір қиындықтан аман-есен өтуіне және ұрпақ болашағына жоспарлап жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар екенін айтты.

Осы тұста мен Елбасымыздың бүгінді ғана емес, тұтас ұлттың келешегін кемелдендіруге барын салғанын ерекше атап айтқым келеді.

Сонау тәуелсіздік алған жылдары көршілес алпауыт елдермен шекараны бекітіп, Қазақстанның әлем алдындағы мәртебесін асқақтатқан Елбасы халықпен бірге!

Біз бірлесе отырып қиындықты бірге жеңеміз!

Бағдат ӘЛИЕВ,

Жамбыл ауданының әкімі

* * *

Халықтың басына түскен ауыртпалыққа бей-жай қарай алмаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пандемия жарияланған алғашқы күндері-ақ тұрғындарды береке-бірлікке үндеп, тәуелсіздік жылдары өз кәсіптерін ашқан, бүгіндері ел экономикасын өркендетуге үлес қосып жүрген қалталы азаматтарды қаржылай көмек көрсетуге шақырған болатын. Бұл игі шара бүгіндері де жалғасын тауып, коронавирус сырқатымен күресуге өз үлесін қосуда.

Қолыңдағы он саусағыңнын да бірдей болмайтыны сияқты, қоғам болғаннан кейін түрлі адамдар да кездесе береді емес пе?! Жалпы әлем халқының басына түскен ауыртпалықты жеке адамдардан көріп, қара аспанды суға алдырып жүргендердің арамыздан шығып қалатынын аңғарып жүрміз. Осындай келеңсіз көріністерді сарапқа сала келе, Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да Қазақстан халқына Үндеу тастады. Әр сөзі көкейге қонымды, көңілге сенім ұялатады.

Кеңестер Одағы деп аталатын алып империядан ірге бөліп шыққан кездегі ауыр жағдайымыз біздің жадымыздан өше қойған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болашағымыз бұлыңғыр, келешегіміз күмәнді болғанын несіне жасырамыз. Алайда көреген басшымыз бен еңбекқор әрі парасатты халқымыздың арқасында бұл ауыртпалықтар да көрген түстей болып артта қалды.

Осы жылдар ішінде экономикамызды дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында жасалынған жұмыстардың нәтижесінде еңсемізді тіктеп, елеулі ел дәрежесіне көтерілдік. Елбасы өзінің кезекті Үндеуінде осы жайларға кеңінен тоқталып, «COVID-19» пандемиясын да еңсеретінімізге деген сенімімізді бекіте түседі. Ол үшін ең алдымен қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттерді қадір тұтып, елдегі береке-бірлікті, ұлтаралық татулықты, ауызбірлікті ту етіп ұстауға шақырады.

Иә, біздің ұлт тағдырдың талай теперішін көрсе де, иілмеген, үміт отын өшірмеген қайсар ұлт. «Көппен көрген ұлы той!» демекші, әлеммен тізе біріктіре отырып, бұл індетті де жеңіп шығатынымызға күмән жоқ. Елбасының жүректен шыққан сөзі барша қазақстандықтың көңіл қошымен үндесіп жатқанына сенімім мол.

Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,

Қарасай аудандық қоғамдық кеңес төрағасы

* * *

Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде жаңа эко­но­микалық дағдарыс туғызды. Елімізге қауіпті індет тарап, бір жағынан экономикалық дағдарыс қыспаққа ала бастаған бүгінгі күнде қазақстандықтардың қамын ойлап, елдің береке-бірлігін нығайтуды назардан шығармаған Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласын оқып, көңіліме үлкен сенім ұялады.

Еліміз тарихтан бері ынтымақ пен берекені тұмар, ұлт пен ұлыстың ынтымағы арқау етіп, күллі әлемге өзінің қадір-қасиетін мойындатты. Тәуелсіздік тағы атқалы ел халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, талай қиындықты еңсеріп, биік белестерді бағындырды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласын өркендету барысында көптеген игілікті жұмыс атқарылды. Елбасының бастамасымен елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи аурухана мен емхана салынды. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашылып, оның мамандарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өтті.

Мұндай жақсы жағдай облыста да болды. Кейінгі жылдары облыс орталығы Талдықорған қаласының өзінде жаңадан көпсалалы аурухана бой көтеріп, басқа да емдеу мекемелері жаңғыртылды. Елді мекендерде салынған емхана мен амбулаториялар тұрғындардың емдеу саласында туындаған қиындықтарын шешуге ықпал етті. Осындай мығым дайындық болғандықтан бүгінгі таңдағы ұлт денсаулығына қатер төндірген қиын жағдайды бірден ауыздықтай алдық.

Қашанда бірлігі бар елдің алмайтын қамалы жоқ. Сондықтан, Елбасы айтқандай, береке-бірлікпен еңбек етсек, бұл қиындықты да жеңіп шығатын боламыз.

Жамал НҰРЛЫБАЕВА,

Талдықорған қалалық №7 орта мектептің директоры, қалалық мәслихат депутаты

* * *

Дүниежүзін жайлаған індетке қарсы тұру үшін әлем бірігіп әрекет етуде. Бұл жалпы адамзат баласының қандай қиындықта да бірге екендігінің зор дәлелі болса керек. Бүгінде барша әлем жұртының жалғыз тілеуі де, тілегі де – жаны мен жақынының амандығы.

Азаттығымыздың ақ таңынан ұлағатты ұлтының бірлігін бекемдеп, тұтастығын ту еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы осынау дүрбелең шақта қазақстандықтардың көңіліне демеу, ертеңіне сенім ұялатты. Сабыр мен шыдамдылық, тәртіп пен төзімділік, береке мен бірлік бәрін жеңеді.

Бұл күн де өтер. Қиындықты қашанда қамқорлық пен мейірім жеңілдетеді. Үлкенге – құрмет, кішіге - ізет ету қанына сіңген халқымыз бұл жолы да қазыналы қарттарын қамқорлыққа алып, қолдау көрсетіп жатыр. Текелі қаласының жастары «Біз біргеміз!» акциясы аясында азық-түлік таратып, бетперде үлестіруде. Кәсіпкерлер де қайырымы мол шарапатты істе бастама көтеріп, тұрғындардың қажетін өтеуге жұмыла кірісуде.

Мемлекет мерейі – мығымдығында. Біз қай заманда да қайсар рух пен өрліктің үлгісін дәлелдеген ұлттың ұрпағымыз. Біртұтас бірлігімізбен, бейбітсүйгіш ымырашылдығымызбен, ынтымағымызбен бәрін жеңеміз. Біз Елбасымен біргеміз!

Бақыт ШАЛБАЕВ,

Текелі қалалық қоғамдық кеңес төрағасы

* * *

Ел болып, еншімізді алған мезеттен бері халқымыз талай дүрбелең мен қиындықты еңсеріп, кез келген мемлекет төтеп бере алмайтын аласапырандарды бастан өткерді. Ауызына түйір дән түспей, дастарқанына қара су ғана қойылған қазақтың мықтылығы соншалық, қазір, міне, әлем мойынсұнар республика бола білдік. Бұл ең алдымен береке мен бірліктің, татулықтың жемісі деп білемін.

Осы ретте Елбасы Н.Назарбаев, ел басына күн туған сәтте ырысымызды арттырған ымырышылдығымыз бен бақытымызды еселеген берекеміздің құнын айқындап, «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялады. Бүгінгі таңдағы күрделі жағдайда барлық іске жұмыла кірісіп, бірлігімізді сақтаудың маңыздылығы көрсетілген туындыда сонау тәуелсіздік алған мезеттен бергі жетістіктеріміз жіпке тізіліп, барлығының басында татулығымыздың туы желбіреп тұрғандығы айтылған.

Қазіргі таңда тәжвирусын жұқтырғандардың қасында күні-түні медицина қызметкерлері жүр. Олар өз өмірлеріне қауіп төнсе де, антынан аттамай, сырқаттарды сауықтыру үшін барлық қажыр-қайратын жұмсауда. Халық та ақжарма алғысын жеткізіп, дәрігерлерге қолдау көрсетуде. Бұл да бірлік пен берекенің бір көрінісі деп білемін.

Елбасы да өз мақаласында кез келген тығырықтан шығудың жолы татулықта жатқандығын, тәуелсіз тарихымыздың әр тармағына зер салсақ, ұйымшылдықпен талай белестерді бағындырғанымызды көрсетті. Ал бүгінгі төтенше жағдайда татулық таразысының теңселмеуі ең алдымен халықтың сабырлығы мен төзімділігіне байланысты болмақ.

Ешқандай да араңдатушылыққа бой алдырмай, тәртіп пен қатаң ережені сақтай отырып, бір-бірімізге барынша қолғабыс ету арқылы бұл індетті жеңбекпіз. Пандемияға төтеп беруде жалғыз адамның шабысы алысқа апармасы анық. Мұнда бүтіндей бұқараның бірлігі, ымырашылдығы басты қаруымыз екендігін ұмытпайық.

Асхат БҰТАБАЕВ,

Алакөл аудандық орталық ауруханасының директоры

* * *

Тұңғыш Президентіміздің мұқым ел назарын аударған мақаласы қауіпсіздік пен ынтымақтастық аясында өрбіп отыр.

Ата Заңымыздың ең бірінші бабында: "Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және оның өмірі", - деп айқын жазылған. Сондықтан, бүгінгі әрбір қолдау мен қорғау, сіз бен біздің жарық өміріміз үшін жасалып жатқан дүние екенін ұмытпауымыз керек. Қайсы бір жеңісті, қуанышты алып қарасақ, ол біздің мызғымас береке-бірлігіміз бен қайсарлығымыздың бодауына келген жеміс екенін аңғарғанымыз абзал. Сондықтан, "Бірлік бар жерде, тірлік бар", - деген аталы сөз текке айтылмаса керек. Біз ендеше БІРГЕ бола отырып, алдымыздағы қиындықтарды бірлесе жеңуіміз қажет.

Осындай сын сағатта Елбасының жариялаған Үндеуі бізге үлкен жігер сыйлады. Иә, қашаннан бірлігі бекем ел озады. Ел бірлігі сынға түскен осынау шақта Қазақстан халқы ежелгі бірлік дәстүрін ту ете отырып бұл қиындықтарды да еңсереді, бұл індетті де жеңеді деп білеміз.

Алмас МҰҚАЕВ

"Nur Otan" партиясы Кеген аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

* * *

Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге ғана емес, күллі әлем жұртшылығының басына туған қиын кезеңде халыққа жолдаған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласы нағыз көшбасшының көрегендігі мен даналығының бір парасы дегім келеді. Шын мәнінде, абдырап қалған елді сабырлыққа, ертеңгі күнге сеніммен қарауға шақыру дер кезінде жасалған қадам.

«Басшы біреу, қалғанымыз оған тіреу» деп әрдайым өзі айтқандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған мәлімдемесінен тараған тапсырмаларды Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, министрліктер жүйелі тәртіппен, үйлесімді, жоспарлы атқару қажет екендігін тағы бір мәрте еске салған Елбасы бүгінгідей қиын кезеңде ұлт саулығы басты міндет екендігін, сондықтан, мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі мақсаттағы іс-шараларға бүкіл халықты қолдау көрсетуге шақыру нағыз елін, халқын сүйген азаматтың ісі екендігін ұғындырды.

Әсіресе, аға буын өкілдері мен тәуелсіздік құрдастары жастарға, кәсіпкерлерге сөз арнауы, өмірден көрген тәжірибесі мол аға буынды осындай қиын кезеңде өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуге ынталандырды. Бұл мақала өсем деген жастарға рух беріп, отаншылдыққа тәрбиелейтіні сөзсіз. Одан бөлек, тиыннан теңге құраған кәсіпкерлерді азаматтық ұстанымды көрсетуге шақырып, белсенділікке үндеуі өзін Қазақстан Республикасының азаматы есептейтін әрбір жанға ықпал етері анық.

Елбасының Ұлттық қор құру туралы идеясы алғашқы кездерде бірқатар сөзге тақырып болғаны мәлім. Кесе-көлденең шыққан қиындық пен жөнсіз қарсылыққа қарамастан құрылған Ұлттық қордың арқасында бүгінде қаншама қаржы бөлініп, халық игілігіне жұмсалуда?! Халқына қиын кезеңде рух беріп, сабырлық пен байсалдылыққа шақырып: «Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ», – деуі нағыз ел мұраты мен ер мұратын ойлаған Елбасының ғана қолынан келсе керек.

Береке-бірлігіміз бекем болып, тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман болсын.

Нұрәкім ЕСЖАН,

Ұйғыр аудандық мәслихатының хатшысы

* * *

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарияланған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты Үндеуін оқып, өткен күндер еске түсті.

Еліміз ең алғаш Тәуелсіздігін алған шақта қиын кездерді бастан өткерді. Сол заманды да береке-бірлігінің арқасында жеңіп, бүгінгідей бақытты күнге жетті. Елдің еңсесі тіктеу үшін жас мемлекетімізді аяққа тұрғызуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар күш-жігерін жұмсады. Елбасының көреген саясатының арқасында әлемге аты әйгілі мемлекеттермен достық қарым-қатынасқа түсіп, тереземіз тең жағдайға жеттік.

"Бірлік бар жерде, тірлік бар" дегендей, біз біріксек, бағындырмайтын белес пен алынбайтын қамал жоқ. Елбасы елі мен жұртының бүгіні мен келешегін ойлайтын жанашыр азамат екені бәрімізге белгілі. Еліміз 30 жылдың ішінде әлем танымастай өзгеріп, өзгелерге үлгі боларлық мемлекетке айналды. Ауылшаруашылығын қолдап, кәсіпкерлерге барлық жағынан жағдай жасады.

Біз де Елбасы үндеуіне үн қосып, елімізге қолдан келгенше көмек қолын созудамыз. Кемел келешек жолында еліміздің дамуына үлес қосу, бүгінгі жас ұрпақ пен біздің қолымызда! Жұмылған жұдырықтай әрекет етіп, бұл індетпен күресуде бірлігімізді тағы бір сәт көрсетейік! Біз біргеміз!

Бауыржан БАЙМҰХАНОВ

"Дарина" шаруа қожалығының басшысы

Ақсу ауданы

* * *

Елбасы Н.Назарбаев халықты ынтымаққа шақырып, жақсылық пен ізгі амалдар жасауға үндеді. Әсіресе, біздерге, жастар қауымына: "Жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар", - деді.

Елімізде орын алған ауыр індеттің таралуына байланысты кәсіпкерлер қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетуде. Елбасы олардың игі істеріне көңілі толып, осындай жарасымды үрдіс әрі қарай жалғасатынына сенімді екенін алға тартты.

Елбасы халқының қалауына көңіл бөліп, мемлекетіміздің жаһандық экономикада биіктен көрінуіне ықпал етіп, еліміздің рухани жаңғыруына айрықша көңіл бөлуде.

Ұлт көшбасшысының үндеуін біз іңкәрләкпен қабыл алдық. Н.Назарбаев жастарға үлкен сенім артады. Біз сол сенімді міндетті түрде ақтаймыз.

Серік ЖОЛДЫБАЕВ,

Ескелді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі

Сурет ғаламтордан алынды