СУЫҚ БӨЛМЕ, ЕСКІ ЖИҺАЗ: БАҚАНАС МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ БҮГІНГІ ЖАЙ-КҮЙІ

Уақыты: 14.12.2021
Оқылды: 1551
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің шұғыл отырысы өтті.

Отырыста талқыға түскен маңызды мәселе - отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 Шұғыл қызмет» байланыс орталығына «Бақанас мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 11-сынып оқушысы 16 жастағы Серікбай Бекболат тәрбиешілер мен тәрбиешілердің көмекшілерінің жұмысына шағыммен жүгінуі болды.

Арызданушының сөзінше, аталған интернатта тәрбиешілер мен түнгі күтушілер лауазымдық міндеттерін орындамайды. Кезекшілік кезінде тұратын адамдарға тәртіп ережелері мен күн тәртібін сақтау бойынша бақылауды жүзеге асырмайды.

Осы мәселені анықтау мақсатында облыстық филиал жанынан арнайы мониторинг тобы құрылды. Жиналыс барысында мониторинг тобының жетекшісі, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров пен Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Бөріхан Абдибаев сөз алып, мәселенің мән-жайымен облыстық кеңес мүшелерін таныстырды.

Мониторингтік топ интернаттың бүгінгі жай-күйі шынымен сын көтермейтініне көз жеткізді. Білім беру мекемесінің жиһаздарының ескіруі, бөлме температураларының суықтығы мен тәрбиеленушілердің бос уақытын өткізу мәселесі мүлде ұйымдастырылмағандығы, мектеп интернаты ішінің дәретхана, жуынатын моншаларының да балалардың қажеттілігіне орай қызмет атқармайтындығын анықтады.

Барлық мәселенің мән-жайымен танысқан отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшелері интернат басшылығына интернаттың материалдық-техникалық базасын жаңарту, дәретханалар мен жуынатын бөлмелерде канализациялық ағындарды ауыстыру, мектеп-интернаты тәрбие жұмысы орынбасарының, психологының және әлеуметтік педагогының жұмысын жандандырып, медицина қызметкерлерінің жұмысын күшейту мәселесін тапсырды. Сондай-ақ, мектеп-интернат директорының міндетін атқарушы Гаухар Жанатқызына аудандық білім бөлімі тарапынан тәртіптік шара қолданылуға ұсыныс білдірілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"