Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ. ПАРТИЯ СЪЕЗІНЕН ТҮЙГЕН ОЙ

Уақыты: 30.04.2022
Оқылды: 1175

Сөйтіп, «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезі өтті. Съезд жұмысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, съезд делегаттарына мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын айтты. Президенттің пікірінше, «АMАNАT» осы жүйелі өзгерістерге белсене атсалысып келеді.

– «АMАNАT» партиясы әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

«Adal» партиясының «АMANAT» партиясымен бірігу жөніндегі бастамасы – басталған өзгерістердің жарқын көрінісі. «Adal» партиясының жетекшілері мен мүшелері осы маңызды шешім шығарды. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек екені айтпаса да түсінікті.

– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «AMANAT» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ, жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев партияның басшылық лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді. Өз кезегінде Ерлан Қошанов: "Сенім артқандарыңызға рахмет, бұл үлкен жауапкершілік", - деп, ел аманатын бірлесе іске асыруға шақырды.

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,

"AMANAT" Алматы облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі