ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ

Уақыты: 03.07.2018
Оқылды: 1422
Бөлім: МІНБЕР

    ОҚУШЫЛАР сарайында «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясы өтті. Оған қалалық мекеме, бөлім басшылары, партияның белсенділері, ардагерлері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, «Жас Отан» ЖҚ өкілдері қатысты.

 

   Бекітілген өкілеттілік нормасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясына 215 делегат сайланды. Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев және Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев қатысты. Жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің іске асырылуы мақсатында насихат жұмысын жүргізу туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының төрағасын сайлау және Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. 
Конференция барысында делегаттардың дауыс беруімен Дастан Шалтабаев «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасы болып сайланды. 
– Құрметті делегаттар, сенім білдіргендеріңізге рахмет айтамын. Алдағы уақытта да «Нұр Отан» партиясының жоспарларын, жобаларын бірлесіп іске асыруға барынша атсалысатын боламын, – деді Дастан Тұрарбекұлы. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің облыс аумағында іске асуы тұрғысында баяндама оқыды. 
Жиын соңында барлық делегаттар жаңа төрағаға сенім білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

Мәулен ӘНЕРБАЙ.