Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АҚСУ АУДАНЫ: "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫНА КАДРЛЫҚ ІРІКТЕУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Уақыты: 31.10.2019
Оқылды: 156
Бөлім: Нұр Отан

Ақсу ауданының І.Жансүгіров ауылында «Нұр Отан» партиясына кадрлық резервті іріктеу мақсатында шара өтті.

Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева: «Ағымдағы жылдың 21 тамызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кеңейтілген отырысы өткен болатын. Мұнда Елбасы негізгі жеті бағытты айқындап берді. Тапсырма аясында қарқынды жұмыс жасалуда. Оның алғашқысы партияның белсенді мүшелерін топтастыру, яғни, жаңа көшбасшыларды анықтау. Осыған орай туған жерін көркейту, дамыту мақсатында жаңа идеялар мен жобалар ойлап тапқан жандарды қолдау үшін бүгінгі шараны ұйымдастырдық», – деді.

Іріктеу қазан айының 28-інен қарашаның 4-нші жұлдызына дейін болады. Конкурсқа 20 жастан асқан, соттылығы жоқ, Ақсу ауданының азаматтары қатыса алады. Бағдарламаға қатысу үшін «Нұр Отан» партиясының сайтына кіріп, партиялық кадрлық резерв бөліміне тіркеліп, қажетті құжаттарды жүктеу керек. Сонымен қатар, құжаттарды Ақсу ауданы, І.Жансүгіров ауылы, Желтоқсан көшесі, 5 «в» мекенжайында орналасқан ұйымдастыру комитетіне өткізуге болады.

Байланыс телефоны: 87283221460.

Іріктеуден өткен кандидаттар жергілікті органдарға қызметке орналасуға, жергілікті жердегі өкілетті органдарға сайлануға мүмкіндік алады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Ақсу ауданы