ПАНДЕМИЯ: ЖЕДЕЛ-ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 04.07.2020
Оқылды: 1314
Бөлім: МІНБЕР

Астана күніне орай, «Біргеміз» акциясы аясында «Nur Otan» партиясының облыстық партия филиалында Алакөл аудандық ауруханасына екі Жедел-жәрдем көлігінің кілті табыс етілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев акция барысында атқарылып жатқан шараларды атап өтті.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деп дана халқымыз айтқандай, біз кез-келген сәтте татулығымызды танытып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», барлық іс-шараның басы-қасынан табыла білуіміз керек. Бүгінгі таңда көптеген елмен қатар біздің мемлекетіміз де аса жауапты сын сағатты бастан өткеруде. Елімізде төтенше жағдайдың орын алуына байланысты Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бастау алған болатын. Республикалық акция аясында 24813 адам 257 млн. теңгенің азық-түлік, жеке гигиенеалық заттармен, антисептикалық құралдар және медициналық маскалармен қамтамасыз етілді, – деді.

Пандемия кезінде «нұротандықтардың» ауруханаларға да көрсетіп жатқан көмегі аз емес. Атап айтсақ, партия мүшесі Виктор Сычев Талдықорған қаласындағы облыстық жедел жәрдем стансысына реанимобиль, кәсіпкер Марат Сергебаев Қапшағай қалалық ауруханасына «Волга» автокөлігін сыйға тартты. Республикалық «Біргеміз» қорынан облысымыздағы 40193 мұқтаж жанға 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. «Біргеміз Жетісу» қоры есебінен карантиндік шара енгізілген аудан-қала тұрғындарына медициналық құрал-жабдықтар мен азық-түлік берілді.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев Жедел-жәрдем көліктерінің кілтін Алакөл аудандық ауруханасы директорының орынбасары Құрмет Абзалұлына салтанатты түрде табыс етті. Енді жүйткіген жаңа көліктер аудандағы ауырған жандарға кідіріссіз көмекке келері анық. Сондай-ақ, шағын жиында әр салада қызмет етіп жүрген, партия қатарына жаңадан қосылған белсенді жастарға партбилет табыс етілді. Шарапатты шара қанымызға сіңген қайырымдылық қасиеттің қашанда биік тұрарын дәлелдей түсті.

Алма Есенбаева