АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ПРАЙМЕРИЗГЕ ҚАТЫСҚАН ҮМІТКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 06.10.2020
Оқылды: 1296
Бөлім: МІНБЕР

Праймериз сайлауында озық шығып, көпшіліктің ықыласына бөленген үміткерлермен «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ кездесіп, жаңа саяси додадағы алғашқы қадамдарына құтты болсын айтты.

Жаңа форматтағы кездесуді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев ашып, жүргізіп отырды.

Жиында сөз алған облыс басшысы алдымен Жетісу жерінің жетістіктеріне тоқталып, соңғы жылдардың нәтижесін алға тартты. Сондай-ақ, үміткерлерге көпжылдық тәжірибесінен сыр шертіп, ақыл-кеңесімен де бөлісті.

– Қазір жұртшылық ашықтықты, жариялылықты талап етеді. Сондықтан, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауын «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп атап, негізгі жеті бағыт бойынша дамудың жолдарын көрсетіп берді, – деген Амандық Ғаббасұлы өткен жылдардағы қиындық пен ауыртпалықтың ұмытылмайтынын атап өтті. – Биылғы жазда құрғақшылық белең алып, түн суық, күндіз қапырық қысты. Бір ғана Бартоғай су қоймасындағы судың мөлшері айтарлықтай азайып кетті. Соған қарамастан қант қызылшасының әр гектарынан 250-300 центнерден аламыз ба деп отырмыз. Одан бөлек, жүгері, астық сынды дәнді дақылдардың түсімі жаман емес. Мал шаруашылығы өз деңгейінде өсіп келеді. Өйткені, Жетісу жерінің негізгі кәсібі - ауылшаруашылығы. Сол себепті осы саланың жұмысына баса назар аударамыз. Оның үстіне облысымыз ел бойынша халық санымен де алдыңғы орында тұр. Жыл сайын 50 мың нәресте дүниеге келеді. Шамамен 40-45 мыңға жуық бала бастауыш сыныпқа барады. Әр жылы оқушылардың саны 20 мыңға артып отырады. Осы орайда жаңа мектеп салуды тоқтатпақ емеспіз. Биылдың өзінде жыл соңына дейін 8 жаңа мектеп беріледі.

Өз сөзінде әкім праймеризге қатысқан 1047 үміткердің әрқайсысы «Nur Otan» партиясы артқан міндетке жауапкершілікпен қарап, облыс тұрғындарының үміті мен арманын ақтауы тиістігін атап өтті. Алдағы уақытта өтетін сайлауда озып шығатын кандидат Жетісу жерінің қажеттілігі мен әлеуметтік мәселелерін қамтамасыз етуге күш салуы керектігін жеткізді.

Шарада белсенділік танытқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Оның ішінде «Jetisy» газетінің тілшісі Мақпал Мыса да бар. Аймақ басшысының құттықтауынан соң мінберге кезекпен көтерілген облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, Uzyn.kz сайтының редакторы Әлия Әбсеметова, «Хильниченко» шаруа қожалығының басшысы Александр Хильниченко ризашылық білдіріп, жүрекжарды тілектерін арнады.

Көпшіліктің алдында өлең оқыған ақын Мақпал Мыса:

– Менің праймеризге қатысудағы басты мақсатым – еліміздің жаңа даму кезеңіне Қазақстан сынды қасиетті елдің бір қызы ретінде үн қосқым келді. Бұған бей-жай қарауға тиісті емеспіз. Біз қазір ауқымды міндет пен меже, түйінді түйткілдер шешілетін кезеңде тұрмыз. Сондықтан, еліміздің жаңа тарихи даму кезеңіне жастарды шақырып отыр деп түсініп, кешегі Парламент Мәжілісінде отырған ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың жолын үлгі-өнеге ретінде алып отырмын, – деп өз бағдарламасын таныстырып өтті. – Менің бағдарламамның басты бағыты - ауылды көтеру, ауылдағы жастардың әлеуетін арттыру. Өздеріңіз жақсы білесіздер, биылғы пандемия кезінде ауылға ағылдық, ауылдың қадірі артты. Табиғи өнімдерге деген сұраныс та көбейді. Дәл сол сынақ кезінде көп нәрсенің беті айқын көрінді. Сондықтан ауылды жерлерде отандық туризмді дамытудың қажеттілігі белгілі болды. «Осыған орай ол үшін не істеуіміз керек? Жастардың әлеуетін арттырудың жолын қалай табу керек?» деген сауалдардың төңірегінде ой қорытып, бағдарлама дайындадым.

Праймеризге қатысқан тағы 1032 үміткерді «Nur Otan» партиясының қалалық, аудандық филиалдарының төрағалары да қабылдап, саяси доданың алғашқы кезеңімен құттықтайды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы