АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА НАРЫҚТАН ӘЛДЕҚАЙДА АРЗАН БАҒАДА ЕТ САТЫЛАДЫ

Уақыты: 18.11.2020
Оқылды: 1164
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Алакөл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Көкебаев аудандағы шаруа қожалықтарын аралап, жұмысымен танысты.

Шарада "Ырыс" шаруа қожалығының өкілі Назымбек Мырзалиев Зеңгі баба төлін өсіру барысын баяндады. Бүгінде «Ырыс» шаруашылығында 1000 бас мүйізді қара бар. Оның 200 басы бордақыда тұр. Шаруашылық жұмысын дөңгелету үшін 6 пайыздық мөлшермен 100 млн.теңге несие алған. Шаруашылық жем-шөпті өздері даярлайды, сол үшін де 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнан бөлек, мемлекеттен қажетті субсидия алуда. Бір қызығы, шаруашылық бүгінде ет өнімін базардан төмен бағамен өз сауда нүктелерінде сатады. Жылына 130-150 тонна ет өндіретін қожалық дайын өнім өндіруді де қолға алмақ.

- Мал шаруашылығы – қазақтың атакәсібі. «Асық ойнаған - азар, доп ойнаған - тозар, бәрінен де мал бағып, кәсіп еткен озар» демей ме баба жұрт. Шаруа қожалығының өнімін аудан халқынан бөлек, өзге өңірлер де пайдаланады. Себебі, «Ырыстың» өнімі базардан әлдеқайда төмен. Мұндай қожалықтарға қолдау білдіру арқылы – ауылшаруашылығының тамырына қан жүгіртеміз, - деді "Nur Otan" партиясы Алакөл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Көкебаев.

Шаруа қожалық мемлекет қолдауы негізінде өрісін әрі қарай кеңіте түспек. Өйткені, қолдау барда өркендеу бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"