НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ПАРТИЯНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЪЕЗІН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 25.11.2020
Оқылды: 1047
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі бейнеконференция түрінде өтіп, «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты партияның сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелер таныстырылды. Еліміздің барлық өңірлерін қамтыған кезектен тыс ХХ съезде «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ алдағы уақытта өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына дайындықты пысықтап, заң шығарушы органға сайланатын кандидаттар тізімі бекітілді.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сөз кезегін ҚР Президенті, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің Бюро мүшесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезіне қатысушыларды құттықтап, пандемия секілді күрделі кезеңде өткізіліп отырған жиынның маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінде «Nur Otan» партиясы ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналды. Халқымыз бізге қашанда зор сенім артады. Әсіресе, жаһандық дағдарыс кезінде елдің амандығына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бүкіл әлемге тараған пандемия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Мемлекет азаматтардың денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Партия тарапынан халыққа ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. «Nur Otan» белсенділері мен еріктілері мұқтаж жандардан көмегін аяған жоқ. Осындай нақты жұмыс пен шынайы жанашырлық береке-бірлігімізді арттыра түседі. Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырады. Бұл ретте Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету негізгі міндеттің бірі. Мен биылғы Жолдауымда партияның қоғамдағы жетекші рөлі туралы айттым. Біз реформаларды жүзеге асыру барысында «Nur Otannyn» зор әлеуетіне сүйенетін боламыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бүкіл әлем жұртшылығын дағдартып тастаған биылғы пандемияның зардабынан арылу үшін үлкен еңбек керек екендігін атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша келелі кеңестер өткізіп, қажетті шараларды қолға алып отыр. Сонымен қатар, қиын күндерді еңсерудің жолы қоғам болып бірлесу екендігін, мемлекет ішінде ынтымақ, бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық маңызды екендігін әңгімелеген Президент халық пен биліктің арасына алтын көпір қызметін атқарған «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында еліміздің көршілес елдермен арадағы қарым-қатынасты нығайту, азаматтардың әлеуметтік ахуалын арттыру, ана мен бала өлімін азайту арқылы демографиялық дағдарысты еңсеру, бүгінгі күннің талабынан туындап отырған экономиканың жаңа салаларын қалыптастыру сынды аса маңызды міндеттер межелегенін жеткізді. Сондай-ақ, әрбір отбасының тұрмыстық қажеттілігін толық қамтамасыз ету, жұмыссыздықты жойып, білімді әрі пайдалы жастарды тәрбиелеу, егде жастағы кісілерге қамқорлық көрсету, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау секілді адами құндылықтардың кеңінен жүзеге асырылатынын атап өткен Қ.Тоқаев денсаулық, спорт, білім салаларын дамытудың жаңа кезеңі туындап отырғанын алға тартты. Соған байланысты білікті маман даярлау жұмысының бір сәтке де толастамайтынын, бұқаралық спорт түрлерін кеңінен тарату қолға алынатынын, табиғатты қорғау мен таза экологияны қалыптастыру тұрақты жүргізілетінін жеткізді.

Кезектен тыс ХХ съездің жарыссөзіне биылғы праймеризден озық шыққан кандидаттар – Ұлытау ауданының әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Берік Әбдіғалиұлы, «Uzyn.kz» ақпараттық сайтының бас редакторы, Жамбыл  ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Әлия Әбсеметова, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, жеңіл атлетикадан Азия чемпионы Ирина Эктова, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов кезекпен сөз алып, өздерін толғандырған ойларын ортаға салды.

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезінде қаралған мәселелерге байланысты партия мүшелері дауыс беріп, ұсыныстарды бірауыздан қолдайтынын білдірді. Партия праймеризіне қатысып, аудан, қала және облыс деңгейіндегі іріктеуден өткен 77 кандидат Саяси кеңестің шешімімен съезге ұсынылды, қалған 49 кандидатты орталық квота бойынша партиялық тізімге қосу жөнінде шешім қабылданды. Дауыс беруді партия мүшелері бірауыздан қолдады. Қарсы, қалыс қалғандардың жоқтығын растады.

Жиынды қорытындылаған «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы бес жыл ішінде партия өзінің сайлау алдында берген уәделерінің басым бөлігін орындағанын атап өтті.

– «Nur Otan» партиясы еліміздегі басты саяси күшке айналып отырғанын көріп отырмыз. Осы жылдардың ішінде партия ішкі тұрақтылықтың тірегі болып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс істеді. Мұның бәрі партияның ел болашағына сенімі берік азаматтарды біріктірудің арқасында ғана мүмкін болды, – деген Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы 30 жылдың ішінде кездескен қиындықтар мен ауыртпалықтарды жеңу жолында атқарылған жұмыстарды саралады. – Осының басы-қасында болып, қандай қиындықтардың кезіккенін көріп келемін. 30 жылда қандай қиындықтардан өтсек те елімізді айтарлықтай өсіп-өндірдік, халықтың әл-ауқатын қалыптастырдық. Жалпы осы жылдардың ішінде басқа ұлт өсіп шықты. Оны көзіміз көрді. Аз ғана уақыттың ішінде мемлекет құрып, шегарамызды шегендедік, жаңа астанамыздың іргетасын қаладық. Бір сөзбен айтсақ, оңай, іс жүзінде салмақтар болсақ, көптеген шаруа атқарылып, қаншама жұмыс істелгенін байқаймыз. Бір ғана Ресеймен шектесетін 7 мың 500 шақырым шегараның әрбір шақырымын шегелеу, әр ауылдың тұсынан өту қиын болды. Мысалы, Өзбекстанмен арадағы шегараны белгілеу кезінде кейбір үйлердің бір терезесі біз жақта, екінші терезесі өзбек жағында қалды. Сондай жағдайларды да шешуге тура келді. Еліміздің 14 мың шақырымға тең барлық аумағы тұңғыш рет шегенделіп, бекітілді. Жасалған құжат Біріккен Ұлттар Ұйымына тапсырылды. Шекарасы жоқ ел ел емес. Мұны біздің жас ұрпағымыз ұмытпауы керек. Тұрақтылық пен татулықты ту етіп, осы жылдарды еңсердік. Тағдырдың жазуымен әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылып кеткен бір миллионнан астам қандасымызды елге қайтардық. Бұл әлі де жалғасып жатыр. Келеміз деген қандастарымызды Қазақстан құшақ жайып қарсы алады.

Алқалы жиынды осылайша қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының атынан Парламент Мәжілісіне кандидат ретінде қатысушыларды құттықтады.

«Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов шара соңынан көпшілікті алдағы саяси науқанды белсенділікпен өткізуге шақырып, партия мүшелерімен бірге естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы