ПАРТИЯНЫҢ НАРЫНҚОЛДАҒЫ ӨКІЛДЕРІ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ ҮЙІН АРАЛАДЫ

Уақыты: 29.11.2020
Оқылды: 930
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалының ұйымдастыруымен өңір белсенділері «Бақытты отбасы» жобасы аясында көпбалалы отбасыларға барды. Бұл туралы партия филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Кездесудің мақсаты – алтын құрсақты аналардың жай-күйін білу, көпбалалы отбасылардың тұрмыстық қажеттіліктерін саралау, карантиндік жағдайда мұндай отбасылардың балаларына компьютерлік жабдықтарының жеткілікті болуын бағдарлау.

«Нарынқол орман шаруашылығы» КММ бас инженері Ербол Жұмаханов, Райымбек аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нартай Шымырбаев көпбалалы екі отбасына ат басын бұрды. Партияның саяси кеңес мүшелері алтын құрсақты аналардың жайын ғана біліп қоймай, мазалаған сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

- "Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың" деген қанатты сөз жиі айтылады. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде де ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады. “Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса” делінген онда. “Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер” деген ұлағатты сөз бар. Елімізде алтын құрсақты аналардың көбейгені көңіл қуантады. Осы ретте мемлекет көпбалалы аналарды жан-жақты қолдауды назардан тыс қалдырған емес, - деді Ербол Жұмаханов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"