ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫНА КІРІСТІ

Уақыты: 11.12.2020
Оқылды: 1018
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының сайлауалды штабы ашылып, өз жұмысына кірісті. Ашылуына арналған жиынға «Nur Otan» партиясы тізімімен Парламент Мәжілісіне және облыстық мәслихатқа депутаттыққа кандидаттар, партияның сенім білдірген адамдары, штаб мүшелері, партия ардагерлері, «Jas Otan» жастар қанаты өкілдері қатысты.

Алматы облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Серік Мұқанов штабтың жұмысы, құрамы, мақсат-міндеттерімен таныстырып, саяси науқанда барлығына сәттілік тіледі.

Әрмен қарай сөз алған «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, сонымен қатар, облыстық сайлауалды штаб жетекшісінің бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев тарихи кезеңді бастан кешіріп жатқанымызды айтып, нақты істердің партиясы ретінде сайлауды абыроймен өткізуге тілектестік танытты. Сонымен бірге, партияның сайлауалды бағдарламасы елдің әл-ауқатын арттыруға негізгі бағыт екендігін тілге тиек етті. Алдағы атқарылар іс-шаралардың барлығы сайлаушыларға бағытталғанын баяндай келе: «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» ұранымен сайлауалды жұмыстарын жүргіземіз. «Nur Otan»-ға дауыс бер!», – деді.

Ыстық ықыластарын білдірген «Nur Otan» партиясы тізімімен Парламент Мәжілісіне кандидат, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті имидждік саясат орталығының директоры Дамир Дигай, «Nur Otan» партиясының сенімді өкілі, Ескелді аудандық білім бөлімінің әдіскері Айдос Исаев жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Облыстық штаб мүшелерінің саны 35 адамды құрайтынын айтқан Серік Мейірханұлы:

- «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының сайлауалды штабының жұмысы жемісті болсын деген оймен партия ардагері, Алматы облысы мен Ақсу, Көксу, Қаратал аудандарының Құрметті азаматы Қылышбаев Наурыз Қылышбайұлынан бата беруді сұрасақ, - деп қазақы салтпен ардагердің ақ батасын алды.

Соңынан барлық қатысушылар штабтың дайындық жұмыстарын көріп шықты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы